Қытайдан Еуропаға дейінгі жол қысқарады: Қазақстанда үш ірі автожолдың құрылысы басталды
Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін арттыратын үш ірі автожол жобасы іске қосылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев телекөпір арқылы «Бейнеу – Сексеуіл», «Қызылорда – Сексеуіл» және «Ұлғайсын – Сексеуіл» бағыттарындағы құрылыс пен қайта жаңғырту жұмыстарына бастау берді.
Жобалардың ішіндегі ең ауқымдысы – ұзындығы 800 шақырым болатын «Бейнеу – Сексеуіл» автожолы. Мемлекет басшысының айтуынша, жаңа магистраль Қазақстанның ішкі өңірлерін байланыстырумен қатар, халықаралық транзит үшін маңызды бағытқа айналуы тиіс. Жол Қытай шекарасындағы өткізу бекеттерін Ақтау және Құрық порттарымен байланыстырады.
Жаңа бағыт іске қосылғаннан кейін Қытайдан Еуропаға жүк жеткізудің қазіргі маршруты шамамен 1 мың шақырымға қысқарады деп күтілуде. Соның нәтижесінде тасымалдау мерзімі үш күнге дейін азаюы мүмкін. Осы ерекшелігіне байланысты Президент «Бейнеу – Сексеуіл» жолын халықаралық маңызы бар «Арал-Каспий магистралі» ретінде атауды ұсынды.
Сонымен бірге «Қызылорда – Сексеуіл» және «Ұлғайсын – Сексеуіл» автомобиль жолдарының өткізу қабілетін арттырып, оларды кешенді түрде қайта жаңғырту көзделген. Екі бағыттың жалпы ұзындығы 774 шақырымды құрайды.Жол құрылысына отандық компаниялар да тартылады. Жобаларды жүзеге асыру кезеңінде 10 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Ал магистральдар пайдалануға берілгеннен кейін осы бағыттардағы жүк тасымалы 2,5 есеге артып, жылына 13,2 млн тоннаға дейін жетеді деп болжануда.
Жобалардың маңызы тек жол сапасын жақсартумен шектелмейді. Қазақстан аумағындағы шығыс-батыс бағытындағы көлік байланыстарын кеңейту елдің транзиттік мүмкіндігін күшейтіп, халықаралық логистикалық тізбектердегі рөлін арттыруға бағытталған.
Қазір Қазақстанда республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын салу және жаңғырту бойынша бірқатар жоба жүзеге асырылып жатыр. Көлік министрлігінің мәліметінше, 2026 жылы осындай 14 жоба іске асырылуда. Олардың жалпы ұзындығы 3,7 мың шақырымға жуық.
Президент бұл жобаларды елдің көлік жүйесін жаңғыртудың бір бөлігі ретінде бағалады. Оның пікірінше, бұрын негізінен солтүстік пен оңтүстікті байланыстыратын бағыттарға басымдық берілсе, енді шығыс пен батысты жалғайтын жаңа көлік желілері қалыптасып келеді. Бұл Қазақстанды Еуропа мен Азия арасындағы ірі логистикалық тораптардың біріне айналдыру мақсатына сәйкес келеді.
Үш жоба да кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ. Олардың толық іске қосылуы Қазақстанның транзиттік әлеуетін кеңейтіп қана қоймай, өңірлер арасындағы экономикалық байланысты күшейтуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға және жүк тасымалы көлемін арттыруға мүмкіндік береді.