Comic Con Astana алаңында жастарға құқықтық қауіпсіздік мәселелері түсіндірілді
Астанада өтіп жатқан Comic Con Astana 2026 халықаралық фестивалі аясында жастардың құқықтық сауатын арттыруға бағытталған профилактикалық акция ұйымдастырылды. «Заң мен тәртіп» тақырыбындағы іс-шараны елорда прокуратурасы мен қала әкімдігі бірлесіп өткізді.
Акция барысында фестивальге келген жастарға күнделікті өмірде кездесуі мүмкін құқық бұзушылықтардың алдын алу жолдары түсіндірілді. Атап айтқанда, жол қозғалысы ережелерін сақтау, интернеттегі алаяқтықтан сақтану және заң талаптарын бұзудың салдары жөнінде ақпарат берілді.
Іс-шараның ерекшелігі – құқықтық ақпаратты жастарға қолжетімді форматта жеткізуге басымдық берілуі. Фестиваль алаңында Тәртіпбек пен Тазабек маскоттары келушілерге арнайы ақпараттық материалдар таратып, қауіпсіздікке қатысты негізгі ережелерді еске салды.
Астана қаласы прокуратурасы басқармасының прокуроры Ақжол Сәтілданың айтуынша, Comic Con секілді жастар көп жиналатын мәдени іс-шаралар профилактикалық жұмысты жүргізуге қолайлы алаң болып саналады.
«Фестиваль жыл сайын мыңдаған жас пен жасөспірімді жинайды. Сондықтан дәл осы аудитория профилактикалық жұмыстың негізгі нысаналы тобына айналды», – деді ол.
Прокурордың сөзінше, құқықтық түсіндіру жұмыстарын дәстүрлі форматпен шектемей, жастардың қызығушылығына сай қоғамдық және мәдени алаңдарда өткізу ақпаратты тиімді жеткізуге мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл құқық бұзушылықтың алдын алуға және жастар арасында заңға деген жауапкершілікті қалыптастыруға ықпал етеді.
Астана прокуратурасы жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында осындай кездесулерді алдағы уақытта да жалғастыруды жоспарлап отыр. Ведомство өкілдері мұндай жұмыстардың басты мақсаты – жастарға заң талаптарын түсіндіру ғана емес, қоғамдық тәртіп пен жеке қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру екенін атап өтті.