Еспаева журналистердің Құрылтай депутаттарына жақындауына қатысты түсініктеме берді
Құрылтайда журналистердің депутаттарға кулуарда еркін жақындауына қатысты жаңа тәртіп енгізілді. Құрылтай төрағасының орынбасары Дания Еспаева бұл шешім журналистердің құқықтарын шектеу мақсатында қабылданбағанын айтты, деп хабарлайды Newsroom.kz ZTB news қа сілтеме жасап.
Еспаеваның сөзінше, Құрылтай ашық алаң ретінде жұмысын жалғастырады. Депутаттар мен журналистердің жұмысына ыңғайлы болуы үшін отырыстарды ақпараттық сүйемелдеуге арналған арнайы кабинет қарастырылған.
Оның айтуынша, отырыс өтетін күні журналистер қаралатын заң жобалары туралы толық ақпарат ала алады.
«Халық үшін бүгін қандай заңдар қабылданып жатқаны маңызды», – деді Дания Еспаева.
Ол журналистермен депутаттардың киімі немесе қандай сөмке ұстағаны сияқты тақырыптарды талқылауды қажет деп санамайтынын айтты.
Сонымен қатар Еспаева депутаттарға қолжетімділік шектелмегенін атап өтті. Оның айтуынша, Құрылтайдың баспасөз қызметі арқылы кез келген журналист 150 депутаттың кез келгенімен кездесу немесе сұхбат ұйымдастыра алады. Сондай-ақ журналистер Құрылтай құрамындағы бес партияның баспасөз қызметіне жүгіне алады.
«Сондықтан мұнда сіздердің мүдделеріңізге қысым жасау туралы мәселе жоқ. Біз Құрылтайдың жұмысын ретке келтірдік», – деді ол.
Еспаеваның айтуынша, жаңа тәртіпті енгізу туралы шешім бір адамның бастамасымен қабылданбаған. Өзгерістер барлық партиялар мен фракция төрағалары кіретін бюро отырысында ұжымдық түрде қабылданған.
Бұған дейін Құрылтайда журналистердің депутаттармен кулуарда тікелей сөйлесу форматы өзгеретіні хабарланған болатын. Жаңа тәртіп бойынша БАҚ өкілдерінің сұрақтары арнайы баспасөз орталығында қойылады.