Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын қазан айында жариялайды. Бұл туралы ол Тәуелсіздік сарайында өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерімен кездесу кезінде айтты.
«Қазан айында Конституцияның 46-бабына сәйкес Қазақстан халқына Жолдауымды жариялап, алдағы кезеңге арналған мақсаттар мен міндеттерді айқындаймын», — деді президент.
Тоқаев саяси өзгерістерге тоқталып, жаңа Конституцияның қабылданғанын, Құрылтайдағы сайлаудың өткенін еске салды. Сондай-ақ елде вице-президент тағайындалып, Үкіметтің құрамы жаңартылғанын және Қауіпсіздік Кеңесі Аппараты жасақталғанын айтты.
Президенттің сөзінше, жақын уақытта Қазақстан Халық Кеңесінің құрамы бекітіледі. Бұған қоса, Құрылтай депутаттарымен келісілгеннен кейін Конституциялық соттың судьялары, Орталық сайлау комиссиясының мүшелері және Жоғары аудиторлық палата мүшелері тағайындалады.
«Осылайша, негізгі мемлекеттік институттар толық жаңарады», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұған дейін президент 2025 жылғы 8 қыркүйекте Жолдауын жариялаған еді. Ол кезде бір палаталы парламентке көшу, жасанды интеллект министрлігін құру және мемлекеттік криптоқор қалыптастыру ұсынылған болатын.