Отбасы күні: Қазақстанда мыңнан астам іс-шара өткізілді
Қазақстанда отбасы институтын нығайту және отбасыларға көрсетілетін қолдауды арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр. Биыл Отбасы күні аясында еліміздің барлық өңірінде 12 мыңға жуық адамды қамтыған мыңнан астам іс-шара өткізілді, деп хабарлайды Newsroom.kz.
Іс-шаралар отбасылық және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, ата-аналардың бала тәрбиесіне қатысты білімін арттыруға, балалар мен жастардың денсаулығын нығайтуға және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталды.
Отбасын қолдау орталықтарының саны артады
Отбасыларға атаулы көмек көрсету мақсатында еліміздегі Отбасын қолдау орталықтарының жұмысы жаңғыртылды. Қазіргі таңда Қазақстанда 160 орталық жұмыс істейді. Алдағы уақытта олардың санын 208-ге жеткізу, яғни әрбір аудан мен қалада орталық ашу жоспарланып отыр.
2026 жылдың басынан бері бұл орталықтарға 50 мыңнан астам азамат жүгінген. Оның ішінде 43 мыңнан астам отбасына консультациялық көмек көрсетілсе, шамамен 6 мың отбасы ұзақ мерзімді әлеуметтік сүйемелдеуге алынған.
Орталықтар қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтарға әлеуметтік және консультациялық көмек көрсетіп, отбасындағы әлеуметтік қатерлердің алдын алуға ықпал етеді.
Ажырасудың алдын алуға басымдық берілген
Отбасы және неке институтын сақтау мен нығайту жөніндегі 2025–2027 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары да жүзеге асырылып жатыр.
Құжат аясында ажырасудың алдын алу, азаматтарды отбасылық өмірге саналы түрде дайындау және жауапты ата-ана мәдениетін қалыптастыру көзделген.
Сонымен қатар «Ата-аналар академиясы» жобасы жалғасып келеді. 2026 жылы жоба аясында еліміз бойынша 40 мыңнан астам адамды қамту жоспарланған. Олардың қатарында ата-аналар, педагогтер және әлеуметтік сала мамандары бар.
Жұмыс істейтін ата-аналарға жағдай жасау
Мемлекеттік отбасы саясаты аясында еңбек пен отбасылық міндеттерді қатар алып жүруге қолайлы жағдай жасауға да көңіл бөлініп отыр.
Мәдениет және ақпарат министрлігі БҰҰ Халықтың қоныстануы қорының қолдауымен «Отбасына қолайлы жұмыс орны» жобасын жүзеге асыруда. Бастама жұмыс берушілер арасында қызметкерлердің отбасылық жағдайы мен міндеттерін ескеретін корпоративтік мәдениетті қалыптастыруға бағытталған.
2026 жылы мемлекеттік органдар мен жұмыс берушілер өкілдеріне арналған арнайы оқыту бағдарламасы іске қосылды. Оның мақсаты – ұйымдарда қызметкерлердің отбасылық міндеттерін ескеретін жұмыс тәсілдерін енгізу.
Отбасы институтын нығайту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып отыр. Бұл бағыттағы шаралар отбасы мүшелерінің қауіпсіздігі мен әл-ауқатын арттыруға, жауапты ата-ана мәдениетін қалыптастыруға және мемлекет пен қоғамның ортақ жауапкершілігін күшейтуге бағытталған.