Қазақстандықтардың инфрақұрылымға берген бағасы белгілі болды
Қазақстандықтар әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының қолжетімділігін жоғары бағалап отыр. Ең жоғары көрсеткіш мектептерге, балабақшаларға, спорт кешендері мен мәдениет нысандарына қатысты тіркелген.Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
Бұл деректер Қазақстанның Қоғамдық даму институты жүргізген социологиялық зерттеу нәтижесінде белгілі болды. Зерттеу барысында тұрғындар өз өңірлеріндегі инфрақұрылым мен қызметтердің 17 негізгі бағытына баға берген.
2026 жылдың III тоқсанында инфрақұрылымның түрлі элементтеріне қанағаттанғандар үлесі 57,8%-дан 78,2%-ға дейін болған.
Ең жоғары баға мектептердің қолжетімділігіне берілді – 78,2%. Яғни сауалнамаға қатысқандардың шамамен оннан сегізі өз қаласы, кенті немесе ауылындағы мектептердің қолжетімділігін оң бағалаған.
Балабақшалардың қолжетімділігіне тұрғындардың 73,3%-ы қанағаттанған. Ал спорт кешендері мен спорт нысандарының көрсеткіші 71,6%, мәдениет мекемелерінің қолжетімділігі 71,1% болды.
Сонымен қатар тұрғындар абаттандыру мәселелеріне де баға берген. Сауалнама нәтижесіне сәйкес, 67,8% респондент серуендеу және демалу орындарының болуына, 67,3% көгалдандыруға қанағаттанған. Ал көшелер мен аулалардың тазалығы мен жинақылығына оң баға бергендер үлесі 63,8% болды.
Балалардың дамуына арналған мүмкіндіктерді тұрғындардың 66,2%-ы, мемлекеттік органдар ақпаратының қолжетімділігін 64,6%-ы, судың сапасын 64,4%-ы оң бағалаған.
Зерттеуде жол сапасына қатысты оң динамика да байқалған. Бір жыл ішінде бұл көрсеткіш I тоқсандағы 50%-дан III тоқсанда 57,8%-ға дейін өскен.
Зерттеу Қазақстанның Қоғамдық даму институтының тапсырысы бойынша 2026 жылғы 1-16 тамыз аралығында жүргізілген. Сауалнамаға 18 жастан асқан 2400 адам қатысқан. Зерттеу Астана, Алматы және Шымкент қалаларында, 17 облыс орталығында және ауылдық елді мекендерде өткізілген.
Жалпы, зерттеу нәтижесі тұрғындардың әлеуметтік инфрақұрылымға қанағаттану деңгейінің жоғары екенін көрсетеді. Сонымен қатар цифрлық және көлік инфрақұрылымын одан әрі дамыту қажеттігі байқалады.