Сараптама

Қазақстанда жұмыс көп пе, әлде маман тапшы ма? Еңбек нарығындағы парадокс

Қазақстанда жұмыссыздық деңгейі төмен болғанымен, кей салаларда кадр тапшылығы сезіледі. Бір жағында қызмет іздеген азаматтар болса, екінші жағында бос орындарын жаба алмай отырған кәсіпорындар бар. Бұл қайшылықтың себебі неде және жұмыс беруші мен маманның жолы неге тоғыспайды? Бұл туралы Newsroom.kz талдайды.
 

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2026 жылдың II тоқсанында елдегі жұмыс күші 9,84 млн адамды құрады. Оның 9,4 миллионы жұмыспен қамтылған. Жұмыссыздар саны 444,6 мың адам болды. Жалпы жұмыссыздық деңгейі 4,5%-ды көрсетті. Яғни елде еңбекке қабілетті азаматтардың басым бөлігі табыс тауып отыр. Дегенмен бұл барлық салада қажетті кадр жеткілікті дегенді білдірмейді.

845 мың бос орын қайда?

Жыл басынан бері Электрондық еңбек биржасына жұмыс берушілерден 845 мың бос орын түскен. Оның 432 мыңы жұмысшы мамандықтарға тиесілі. Бұл көрсеткіш өндіріс, құрылыс, көлік, энергетика және басқа да практикалық дағдыны қажет ететін бағыттарға сұраныстың жоғары екенін аңғартады.

Алайда ұсыныстардың бәрі бірдей қызметкермен қамтылмаған.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Аскарбек Ертаевтың айтуынша, вакансиялардың 30–40%-ына маман табылмай отыр. Азаматтардың 60–70%-ы Enbek.kz арқылы жұмысқа орналасады.

Осы тұста қарапайым сұрақ туындайды: елдегі бос орындар мен жұмыс іздеушілер неге бір-бірін таба алмайды?

Диплом бар, қажетті дағды бар ма?

Себептердің бірі – жұмыс берушінің талабы мен үміткердің біліктілігі арасындағы алшақтық.

Бүгінде компанияға тек дипломы бар қызметкер емес, нақты міндетті орындай алатын, тәжірибесі мен практикалық дағдысы қалыптасқан маман қажет. Ал оқу орнын енді аяқтаған түлектің теориялық білімі болғанымен, еңбек тәжірибесі жеткіліксіз болуы мүмкін.

Бұл әсіресе техникалық және жұмысшы кәсіптерде анық байқалады. Кәсіпорынға дәнекерлеуші, электрик, жүргізуші, құрылысшы немесе өндіріс маманы қажет болғанымен, мұндай қызметтерге баратындар саны сұранысты толық жаба алмай отыр.

Сондықтан мәселе мамандардың жалпы санында ғана емес, экономикаға қажет нақты білімі мен тәжірибесі бар кадрдың жеткіліктілігінде.

Аймақтардағы айырмашылық

Кадр тапшылығының тағы бір себебі – өңірлік теңгерімнің болмауы.

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, 2026 жылдың II тоқсанында жұмыссыздық деңгейі Маңғыстау облысында 5%, Атырау және Жамбыл облыстарында 4,8% болды. Ал Астанада бұл көрсеткіш 4,2%-ды құрады.

Яғни қызметке сұраныс пен еңбек ресурстары әр өңірде бірдей емес.

Мысалы, өндіріс немесе мұнай-газ саласы дамыған аймақта техникалық мамандар қажет болуы мүмкін. Ал басқа өңірде сол кәсіп бойынша жұмыс іздеп жүрген адам бар. Бірақ көшуге баспана, отбасы жағдайы немесе ұсынылатын табыс кедергі болуы ықтимал.

Осылайша вакансияның болуы мен адамның сол қызметке баруының арасында бірнеше фактор тұр.

«Жұмыс жоқ» деген түсінік қаншалықты дұрыс?

Бұл мәселе Үкімет отырысында да көтерілді.

Премьер-министр Олжас Бектенов азаматтарға еңбек нарығындағы мүмкіндіктерді дұрыс түсіндіру қажеттігін айтып:

«Елде “жұмыс жоқ” деген сөз болмауы керек. Ондай жоқ», – деді.

Үкімет басшысының сөзі бос орындардың көптігіне назар аудартады. Бірақ 845 мың ұсыныстың болуы барлық адамның өзіне лайық қызмет таба алатынын білдірмейді.

Өйткені азамат үшін тек қызметтің болуы емес, оның жалақысы, жұмыс жағдайы, орналасқан жері, жұмыс уақыты және әлеуметтік кепілдіктері де маңызды.

Мәселен, өндіріс пен құрылыс саласында бос орын көп болуы мүмкін. Бірақ мұндай кәсіптер физикалық жүктемені, ауысымдық жұмысты немесе белгілі бір кәсіби дайындықты талап етеді. Сондықтан барлық ізденуші бұл ұсыныстарды қабылдай бермейді.

Неге шетелдік мамандар тартылады?

Кадр тапшылығының тағы бір көрінісі – шетелдік жұмыс күшіне деген сұраныс.

Министр Аскарбек Ертаевтың мәліметінше, Қазақстанға жыл сайын жұмыс істеу үшін шамамен 300 мың шетел азаматы келеді.

Бұл көрсеткішті ішкі кадрлардың жетіспеушілігімен ғана түсіндіру дұрыс емес. Шетелдік қызметкерлердің арасында белгілі бір тәжірибесі немесе тар салалық біліктілігі үшін шақырылатын мамандар да бар.

Жастар қандай таңдау жасайды?

Жұмысшы кәсіптерге сұраныс жоғары болғанымен, жастардың мамандық таңдауы көбіне басқа бағыттарға ауып жатады.

Мұнда білім беру жүйесінің экономика қажеттілігіне қаншалықты бейімделгені маңызды.

Университет немесе колледж белгілі бір мамандық бойынша маман даярлағанымен, бірнеше жылдан кейін сол кәсіпке сұраныс төмендеуі мүмкін. Керісінше, өндіріс, цифрлық технология, энергетика немесе басқа салаларда жаңа кадрларға қажеттілік пайда болады. Сондықтан кәсіби бағдарды мектеп қабырғасынан бастап еңбек нарығындағы нақты сұраныспен байланыстыру маңызды.

Қазақстанда жұмыс орындары бар. Бірақ барлық жұмыс орны барлық жұмыс іздеушіге сәйкес келе бермейді.