УЕФА Суперкубогы 2028 жылы Астанада өтпек
Астана алғаш рет УЕФА Суперкубогының матчын қабылдайды. УЕФА Атқарушы комитетінің шешімімен 2028 жылғы кездесу Қазақстан астанасындағы «Астана Аренада» өтетін болды. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
Суперкубок үшін 2027/28 маусымындағы УЕФА Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының жеңімпаздары кездеседі. Олардың нақты есімдері аталған маусымның қорытындысы бойынша белгілі болады.
Бұл Қазақстанда өтетін осындай деңгейдегі алғашқы матч болмақ. Бұған дейін ел аумағында еурокубок ойындары мен халықаралық кездесулер ұйымдастырылғанымен, УЕФА Суперкубогы Қазақстанда өткізілмеген.
«Астана Аренадағы» реконструкция және жоспарлы инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары стадионды УЕФА-ның ірі еуропалық финалдарға қойылатын талаптарына сәйкестендіруге бағытталған.
Айта кетейік, УЕФА Суперкубогы — Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының жеңімпаздары арасындағы бір ойыннан тұратын турнир. Ол жаңа еуропалық клубтық маусымның басталуын білдіреді.