Білім

Қазақстан мен Оңтүстік Корея 40-тан астам келісімге қол қойды

Сеулде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Корея Республикасына мемлекеттік сапары аясында жоғары деңгейдегі Қазақстан–Корея дөңгелек үстелі өтті. Кездесу қорытындысы бойынша екіжақты бірқатар маңызды келісім жасалды.Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
 

Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрлігі желісі бойынша 40-тан астам ведомствоаралық, институтаралық және жоғары оқу орындары арасындағы құжатқа қол қойылды. Келісімдер ғылым, жоғары білім, жасанды интеллект, жоғары технологиялар және кадр даярлау бағыттарын қамтиды.

Ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі – сирек және сирек жер металдары саласындағы өнеркәсіптік кооперацияны дамыту. Осы бағытта Satbayev University базасында Технологиялық ынтымақтастық орталығын құру жоспарланып отыр. Жобаға Металлургия және кен байыту институты, сондай-ақ KORAM және KITECH ұйымдары қатысады.

Автомобиль өнеркәсібінде де бірлескен жоба жүзеге асырылмақ. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті мен Dong-Eui университеті базасында жасанды интеллект бойынша бірлескен зертхана құру көзделген.

Кездесулер барысында KAIST Kazakhstan жобасына да ерекше мән берілді. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Корея Президентінің екіжақты кездесуінің қорытындысы бойынша тиісті құжатқа қол қойылды. Жаңа университет Кореяның жетекші зерттеу университеті KAIST үлгісі бойынша дамытылмақ.

Жасалған келісімдер ғылым мен білім саласындағы байланыстарды күшейтіп, жасанды интеллект пен жоғары технологиялар бойынша бірлескен жобаларды дамытуға мүмкіндік береді. Бұл бастамалар Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға бағытталған.