Жаңалықтар

⁠Қазақстанда қызмет көрсету саласын реттеу тәртібі өзгереді

Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымының (ДСҰ) көрсетілетін қызметтерді ішкі реттеу жөніндегі қағидаларына қосылмақ. Бұл туралы Құрылтайдың отырысында айтылды, деп хабарлайды Newsroom.kz.
 

Құрылтай «1994 жылғы 15 сәуірдегі Дүниежүзілік сауда ұйымын құру туралы Марракеш келісіміне Қазақстан Республикасының қосылуы туралы хаттамаға қосымша болып табылатын Көрсетілетін қызметтер бойынша Қазақстан Республикасының ерекше міндеттемелерінің тізбесіне өзгерістерді ратификациялау туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Қазақстан ДСҰ-ға 2015 жылы қосылған. Сол кезде елдің тауарлар мен көрсетілетін қызметтер нарығына қол жеткізу жөніндегі міндеттемелерін қамтитын 18 қосымша бекітілген. Олардың бірі – көрсетілетін қызметтер бойынша ерекше міндеттемелер тізбесі.

Енді осы тізбеге тиісті өзгерістер енгізу арқылы Қазақстан ДСҰ-ның қызметтерді ішкі реттеу жөніндегі қағидаларына қосылады.

Қағидалар қызмет көрсету саласындағы бизнес жүргізу шарттарының ашықтығын арттыруға бағытталған. Құжатта лицензиялау талаптары мен рәсімдері, біліктілік талаптары және қызметтер саласындағы стандарттарға қатысты нормалар қарастырылған.

Құжатты қабылдау қызметтер саудасын ашық әрі әділ реттеуге, әкімшілік рәсімдерді жеңілдетуге және реттеуші талаптардың түсініктілігін арттыруға бағытталған. Сондай-ақ бұл отандық және шетелдік қызмет көрсетушілер үшін нарықтағы жұмыс жағдайларын жақсартуға мүмкіндік береді деп күтілуде.

Құрылтай мәліметінше, Қазақстан аталған қағидаларды әзірлеу процесіне белсенді қатысқан. Көрсетілетін қызметтерді ішкі реттеу жөніндегі келіссөздерді аяқтау туралы декларация 2021 жылғы 2 желтоқсанда Женевада қабылданған.

Бүгінде ДСҰ-ға мүше 72 ел аталған қағидаларға қосылған.