Елорда

⁠Астанада LRT желісі тағы да ұзармақ

Астанада көлік кептелісін азайту үшін 9 көлік ауыстыру торабы салынады. Сонымен қатар елорда ішінде электр пойызын іске қосу және LRT желісін кеңейту жоспарланып отыр.Бұл туралы қалалық Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының баспасөз хатшысы Әсел Досболқызы айтты, деп хабарлайды Newsroom.kz 24KZ⁠rке сілтеме жасап.

Көлікті қала сыртында қалдыруға мүмкіндік беріледі

Астана Бас жоспарында 9 көлік ауыстыру торабы қарастырылған. Олар әуежай, екі теміржол вокзалы және қалаға кіреберіс жолдардың бойында орналасады.

Мұндай тораптардың негізгі мақсаты – қалаға сырттан келетін көліктердің орталық көшелерге кіруін азайту. Жолаушылар жеке көлігін арнайы тұраққа қойып, әрі қарай қоғамдық көлікке ауыса алады.

«Бұл кептелісті азайту мақсатында қарастырылатын тораптар. Яғни ол жерде басқа аймақтардан келетін жолаушылар өздерінің көліктерін тастап, басқа қоғамдық көліктерге ыңғайлы ауыса алатындай мүмкіндік жасау», – деді Әсел Досболқызы.

Астана ішінде электр пойызы жүруі мүмкін

Елордада қоғамдық көлік түрлерін көбейту жоспары да қарастырылып отыр. Болашақта қала ішінде электр пойызы жүруі мүмкін.

Ол үшін жаңа теміржол немесе эстакада салу қажет болмайды. Қолданыстағы «Астана-1 – Нұрлы жол» теміржол бағытын пайдалану мүмкіндігі қарастырылып отыр.

Жол бойында, оның ішінде негізгі магистральдардың қиылыстарында станциялар орналастыру ұсынылған. Зерттеу нәтижесіне сәйкес, ұзақ мерзімді перспективада қала ішінде шамамен бес электр пойызын пайдалану мүмкіндігі қарастырылған. Әр пойыз 500 жолаушыға дейін тасымалдай алады. 

LRT желісі кеңейеді

Қазір Astana LRT әуежай мен жаңа теміржол вокзалы бағыты бойынша жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта желіні ескі вокзал, Жағалау және Қосшы бағытына дейін кеңейту жоспарланған.

Бұдан бөлек, кейінгі кезеңдерде LRT желісіне тағы жаңа бағыттар қосу көзделген. Бас жоспар бойынша 2035 жылға қарай үш маршрут, ал 2050 жылға қарай тағы алты маршрут қарастырылған.

Бұл ретте LRT қамтымайтын аумақтарда автобустардың арнайы жолағы немесе басқа қоғамдық көлік түрлерін пайдалану мүмкіндігі де қарастырылуда. 

Осылайша, елордада көлік кептелісін азайтып, қоғамдық көлікті бірнеше бағыт бойынша дамыту жоспарланып отыр.