Филиппиннің Минданао провинциясындағы Банг қаласында орналасқан жоғары мектепте атыс болып, екі оқушы қаза тапты, сегіз адам жараланды. Кейін 16 жастағы күдікті өз-өзіне қол жұмсаған.
Банг қаласының мэрі Альберт Паленсияның айтуынша, қаза тапқандардың екеуі де 14 жастағы оқушылар болған. Жараланғандардың төртеуі ауыр халде жатыр.
Филиппиннің білім беру департаменті жұма күні түстен кейін Банг ұлттық жоғары мектебінде болған оқиғаға байланысты «терең алаңдаушылық» білдірді. Ведомство оқушылардың, мұғалімдер мен мектеп қызметкерлерінің қауіпсіздігі басым міндет екенін мәлімдеді.
Департамент жергілікті билікпен бірлесіп оқиғаның мән-жайын нақтылап жатқанын және қажет көмек көрсетілетінін хабарлады. Сондай-ақ расталмаған ақпарат таратпауға шақырды.
Паленсия Reuters агенттігіне оқ атқан жасөспірім түскі ас кезінде достарына:
«Түстен кейін мен өз жоспарымды орындаймын, сондықтан үйлеріңе қайтыңдар»дегенін айтқан. Оның сөзіне қарағанда, сыныптастары күліп жіберген, өйткені күдікті әзілкеш ретінде танылған.
Түстен кейін ол оқ жаудыра бастаған. Паленсияның айтуынша, күдікті 10 оқушыға тигізіп үлгергеннен кейін өзіне қол жұмсаған.
Оқиғадан кейін Банг муниципалитетіндегі барлық деңгейдегі сабақтар тоқтатылды. Филиппин Қызыл Кресті жергілікті уақыт бойынша сағат 14:00-де хабар алып, бір жедел жәрдем көлігін төрт фельдшермен бірге жібергенін мәлімдеді.