Хуситтер Эр-Рияд пен Saudi Aramco нысандарына зымыранмен соққы жасағанын мәлімдеді
Йемендегі ираншыл «Ансар Аллах» қозғалысы Сауд Арабиясының астанасы Эр-Рияд пен Saudi Aramco нысандарына шабуыл жасағанын хабарлады. Сауд тарапы Эр-Риядқа бағытталған баллистикалық зымыран атып түсірілгенін айтты.
Йемендегі ираншыл «Ансар Аллах» қозғалысы, яғни хуситтер, Сауд Арабиясының астанасы Эр-Риядқа және мұнай компаниясы Saudi Aramco нысандарына зымыран мен дрон арқылы соққы жасағанын мәлімдеді.
Хуситтердің әскери өкілі Яхья Сари жұмаға қараған түні «баллистикалық және қанатты зымырандар, сондай-ақ ұшқышсыз ұшу аппараттары» қолданылған екі операция жүргізілгенін жазды.
Оның айтуынша, алғашқы шабуыл Эр-Риядтағы «маңызды нысандарға» бағытталған, ал екінші соққы батыстағы жағалауда орналасқан Янбу қаласындағы Saudi Aramco объектілеріне жасалған.
Сауд Арабиясы корольдік әуе күштерінің бригадалық генералы Түркі әл-Мәлики хуситтер алғаш рет Эр-Риядқа баллистикалық зымыранмен шабуыл жасауға әрекеттенгенін айтты. Оның сөзінше, зымыран «ұсталып, жойылған».
Түнде Эр-Риядта әуе дабылы жарияланып, кейбір тұрғындар жарылыс дыбысын естіген. Зардап шеккендер немесе қиратулар туралы ақпарат түскен жоқ. Кейін әуежай маңынан түтін бағаны көрінген.
AFP агенттігі тілшісіне сілтеме жасап, Saudi Aramco-ның ең ірі нысандарының бірінде жанармай сақталған резервуар өртенгенін, кейін өрт сөндірілгенін хабарлады.