Аймақтар

Алматыдағы Қала күніне 1 миллионнан астам тұрғын қатысты

9–20 қыркүйек күндері Алматыда Қала күніне арналған мерекелік іс-шаралар өтті. Екі күн ішінде қаладағы негізгі алаңдар мен барлық сегіз ауданда ұйымдастырылған шараларға 1 миллионнан астам тұрғын мен қала қонағы қатысты, деп хабарлайды Newsroom.kz.
 

Мерекелік бағдарлама концерттерді, фестивальдерді, көрмелерді, спорттық және шығармашылық жобаларды қамтыды. Негізгі шаралар Абай және Астана алаңдарында, Панфилов пен Жібек жолы көшелерінде, сондай-ақ «Алатау» дәстүрлі өнер театры алдындағы алаңда ұйымдастырылды.

Абай алаңында қала әкімі Дархан Сатыбалдының қатысуымен салтанатты концерт өтіп, «Алматы қаласының Құрметті азаматы» атағын табыстау рәсімі өтті. Сонымен қатар сахнада «Сазген сазы» ансамблі, Қазақ мемлекеттік циркінің әртістері, ASU тобы және «Алатау» дәстүрлі өнер театры өнер көрсетті.

Мерекелік бағдарламада пианист Ratovich пен NE PROSTO ORCHESTRA да концерт қойды. Балаларға арналған D Billions музыкалық шоуы да көпшілік назарына ұсынылды.

Алаңда балалар және тақырыптық аймақтар, AI & ROBOT ZONE, крафт ойындары алаңы мен «Ажарлы Алматы» көрмесі жұмыс істеді.

Астана алаңында концерттер мен «Almaty Vibes» музыкалық фестивалі өтті. Мерекелік бағдарламаның бір бөлігі ретінде Алматының қалыптасу тарихына арналған 3D Mapping Show ұйымдастырылды.

Панфилов және Жібек жолы көшелерінде де түрлі мәдени бағдарламалар өтті. Соның ішінде 60-тан астам баспа мен кітап дүкенін біріктірген Kitap Fest кітап жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Әкімдік мәліметінше, оған екі күн ішінде 50 мыңнан астам адам келген. 

Мерекелік бағдарлама аясында Alma Qala Fest фестивалі де өтті. Оның шеңберінде жергілікті өндірушілер мен шаруа қожалықтарының өнімдері ұсынылып, алма жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Ресми ақпарат бойынша, жәрмеңкеде 200 тоннадан астам алма ұсынылған.

Сондай-ақ Масанчи көшесінде Сәтбаев даңғылынан Абай даңғылына дейінгі аумақта Алматыдағы алғашқы гастрономиялық көше ашылды. Жаңа кеңістік қоғамдық тамақтану орындарын және қалалық қоғамдық инфрақұрылымды біріктірді.

Қала күнінің бағдарламасы Алматының барлық сегіз ауданын қамтыды. Аудандарда концерттер, спорттық жарыстар, көрмелер, шеберлік сабақтары және балаларға арналған іс-шаралар өткізілді.