Қаржы

Ғалымдардың еңбекақысына қатысты жаңа тәртіп бекітілді

22 қыркүйектен бастап Қазақстанда ғылыми қызметкерлердің еңбекақысын есептеу тәртібі өзгереді. Жаңа ережелер Ғылым және жоғары білім министрінің 2026 жылғы 4 қыркүйектегі №424 бұйрығымен бекітілген, деп хабарлайды Newsroom.kz.

Жаңа тәртіп ғылыми ұйымдарға, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына, сондай-ақ мемлекеттік тапсырысты орындайтын немесе бюджет қаражаты есебінен ғылыми жобалар мен бағдарламаларды жүзеге асыратын аккредиттелген субъектілерге қатысты болады.

Құжатқа сәйкес, ғылыми қызметкерлердің лауазымдық айлығын есептеу кезінде базалық ставка 190 мың теңге болып белгіленген. Соңғы жалақы мөлшері қызметкердің лауазымына, біліктілігі мен еңбек өтіліне, зерттеу түріне және қаржыландыру формасына байланысты есептеледі.

Зерттеу түріне қарай коэффициенттер де қарастырылған. Қолданбалы зерттеулер үшін коэффициент 1,15, гранттық қаржыландыру үшін 2,0, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру үшін 2,15 болады. Ғылыми жобаны басқарған жағдайда 1,25 көтермелеу коэффициенті қолданылады.

Сонымен қатар ғылыми қызметкердің жетістіктеріне қарай жалақыға қосымша төлем қарастырылған. Жетістік деңгейіне байланысты коэффициент 1,0-ден 1,5-ке дейін белгіленуі мүмкін. Оның мөлшерін комиссияның шешімі негізінде ұйым басшысы бекітеді.

Жетістіктерді бағалау кезінде ғылыми нәтижелер, жарияланымдар, ғылыми кадрлар даярлау және басқа да кәсіби көрсеткіштер ескеріледі.

Жалақыға қатысты барлық төлемдер ұйымның бекітілген еңбекақы қорымен немесе ғылыми жобаға бөлінген қаражат шегінде жүзеге асырылады.

Жаңа ережелер 2026 жылғы 22 қыркүйектен бастап күшіне енеді.