30 жыл жөндеу көрмеген: Алматыда Студенттер сарайының бір бөлігі опырылды
Алматыда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға қарасты Өмірбек Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайының шатырының бір бөлігі опырылып түсті. Оқиға түнгі уақытта болған. Әлеуметтік желілерде ғимарат маңын шаң басқан сәт түсірілген кадрлар тарады.Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
Тұрғындардың айтуынша, қатты дыбыс шамамен сағат 23:00-ден кейін естілген. Куәгерлер сол уақытта ғимаратта жөндеу жұмыстары жүргізілмегенін айтып, оқиға орнына полиция мен өрт сөндірушілердің бірден келмегеніне шағымданған.
ҚазҰУ баспасөз қызметі оқиғаға байланысты ресми мәлімдеме жасады. Университеттің мәліметінше, Студенттер сарайы 1985 жылы салына бастап, құрылысы 1998 жылы аяқталған. Ғимарат шамамен 30 жыл бойы күрделі жөндеуден немесе реконструкциядан өтпеген.
Университет бұған дейін жүргізілген техникалық зерттеу барысында ғимарат конструкцияларында бірқатар ақау анықталғанын хабарлады. Атап айтқанда, шатырдың металл конструкцияларында коррозия мен жергілікті деформациялар болған. Сондай-ақ ғимараттың қасбет бөлігінің астында жылу оқшаулағыш қабатының бұзылғаны айтылды.
Студенттер сарайы қазірдің өзінде реконструкцияға дайындалып жатқан нысандардың қатарында. Алматы әкімдігі реставрациялық жұмыстарға қатысты ғылыми-жобалық құжаттаманы шілде айында келіскен. Жұмыстардың жоспарланған ұзақтығы – 17 ай.