Тоқаевтың айтуынша, елдегі мемлекеттік басқару жүйесін трансформациялау жұмысының қорытынды кезеңі барлық деңгейдегі мәслихаттарға өтетін сайлау болады.
«Сондықтан жақын арада Премьер-Министрмен және Құрылтай Төрағасымен барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату мәселесі бойынша консультациялар өткіземін. Оның қорытындысы бойынша тиісті жарлыққа қол қоямын», – деді Президент.
Одан кейін алдағы сайлаудың күнін Орталық сайлау комиссиясы анықтауы керек.
Мемлекет басшысы қазіргі мәслихат депутаттарының өкілеттігі Конституция мен заңдарда көзделген негіздер бойынша тоқтатылғанға дейін сақталатынын атап өтті.
Тоқаев мәслихаттар азаматтардың жергілікті деңгейдегі мүддесін білдіру, бюджеттерді бекіту және өңірлердің дамуын бақылау функцияларын толық орындауы керектігін айтты.
«Бұл қадам білікті әрі кәсіби мәслихат депутаттары корпусын қалыптастыруға жол ашып, олардың жұмысына жаңа серпін береді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, Қазақстанның жаңа Конституциясында Президент Премьер-Министрмен және Құрылтай Төрағасымен консультациядан кейін мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтата алатыны белгіленген.