Екі әскери қызметші туралы тараған ақпарат жоққа шығарылды
Әлеуметтік желілерде Каспийдегі оқу-жаттығу кезінде мерзімді әскери қызметтегі матростар Ахметов А.А. мен Мағауия Ә.А. қаза болды деген ақпарат тарады. Қорғаныс министрлігі бұл мәліметтің шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді.Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
Ведомствоның мәліметінше, Әскери-теңіз күштері өткізген оқу-жаттығу кезінде жеке құрамның бір бөлігі жағалауда болып, оқу міндеттерін орындаған.
Мерзімді әскери қызметтегі Ахметов А.А. мен Мағауия Ә.А. да жағалауда оқу міндеттерін орындаған әскери қызметшілер тобының құрамында болған.
Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, қазіргі уақытта аталған әскери қызметшілер әскери бөлімнің орналасқан жерінде. Олар белгіленген күн тәртібіне сәйкес әскери қызметін жалғастырып жатыр.
«Азаматтарды тексерілмеген және шындыққа сәйкес келмейтін ақпаратты таратпауға, сондай-ақ Қорғаныс министрлігінің ресми мәліметтеріне сүйенуге шақырамыз», – деп мәлімдеді ведомство.
Министрлік әлеуметтік желілердегі ақпаратқа қатысты ресми дереккөздерге сүйенуге шақырды.