Шымкенттік тұрғын аза тұту күніндегі сөзі үшін 10 тәулікке қамалды
Шымкентте 21 жастағы тұрғын аза тұту күнінде TikTok-та тікелей эфир кезінде айтқан сөзі үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 10 тәулікке қамауға алынды. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, полиция әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында Шымкент тұрғындарының TikTok-та тікелей эфирге шыққанын анықтаған.
Эфир кезінде көрермендердің бірі 25 қыркүйекте жарияланған жалпыұлттық аза тұту күніне қатысты сұрақ қойған. Бұған 21 жастағы тұрғын жауап берген.
Оның айтқан сөзі әлеуметтік желіде тарағаннан кейін полиция бұл жағдайға қатысты шара қолданған.
Эфирде болған 22 жастағы екі азамат қамауға алынбаған. Дегенмен үшеуі де бір ай мерзімге профилактикалық есепке қойылған.
Еске салайық, 25 қыркүйек Қазақстанда Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілерге байланысты жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланған еді. Трагедия 24 қыркүйекте болған.
Бұған дейін Шымкент полициясы әлеуметтік желідегі тікелей эфирлер барысында қоғамдық тәртіпті бұзған азаматтарға әкімшілік шара қолданылатынын бірнеше рет хабарлаған.