Аймақтар

Алматы облысында тағы жер сілкінісі тіркелді

Қазақстанда 28 қыркүйекте үшінші рет жер сілкінісі тіркелді. Бұл жолы жерасты дүмпулері Алматы облысының аумағында сезілген. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды. 

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, жер сілкінісінің ошағы Қазақстан аумағында, Алматы қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 254 шақырым жерде орналасқан.

Жерасты дүмпулері:

•⁠  ⁠Нарынқол ауылында – 2–3 балл;
•⁠  ⁠Кеген ауылында – 2 балл деңгейінде сезілген.

ТЖМ мамандары өзен арналары, гидротехникалық құрылыстар, көшкін және сел қаупі бар учаскелер мен тіршілікті қамтамасыз ету нысандарына мониторинг жүргізген. Тексеру нәтижесінде зақымдану анықталмаған. Қирау немесе зардап шеккендер туралы мәлімет түспеген.

Бұған дейін бүгін таңғы сағат 06:32-де Қазақстан аумағында сейсмикалық оқиға тіркелген. ТЖМ мәліметінше, ол кезде Алматы қаласында жер сілкінісі сезілмеген. 

Кейін сағат 09:38-де Алматы маңында тағы бір жер сілкінісі тіркеліп, қалада дүмпудің күші 3–4 баллға дейін сезілген. 

Қазіргі уақытта жағдай тұрақты.