Брифингке Құрылтай депутаттары, «Әділет» партиясы фракциясының мүшелері Шолпан Каринова, Арман Жансеңгіров, Жұлдыз Дәнбаева, онколог-маммолог Данара Сүлейменова және дәрігер-сарапшы Жанерке Ажетова қатысты.
«Біздің міндетіміз – бұл ақпаратты тұрғылықты жеріне қарамастан барлық әйелге қолжетімді ету. Қазан айында өңірлердегі емханаларда ашық есік күндері өтеді. Аудан және ауыл тұрғындары тұрғылықты жері бойынша жүгініп, мамандардан кеңес алып, аурудың алдын алу және оны ерте анықтау туралы көбірек ақпарат алады» - деді Шолпан Каринова.
Іс-шара барысында әйелдердің бейінді медициналық кеңес алу мүмкіндігі, сүт безі обырын ерте анықтауға арналған тегін скринингтен өту тәртібі және науқан аясында көрсетілетін медициналық қолдау түрлері талқыланды.
Қазан айы бойы еліміздің емханаларында ашық есік күндері, онколог дәрігерлермен кездесулер, дәрістер мен подкасттар ұйымдастырылады. Ұйымдастырушылар ауылдық және шалғай аудандарда тұратын әйелдерді ақпараттандыруға ерекше мән беріп отыр.
Брифинг барысында Newsroom.kz тілшісі қала мен ауыл тұрғындарының медициналық ақпаратқа және аурулардың алдын алуға арналған тексерулерге қолжетімділігін қалай теңестіруге болатынын сұрады.
Құрылтай депутаты, дәрігер Жұлдыз Дәнбаева бұл бағытта ашық есік күндерімен қатар, мобильді медициналық топтардың жұмысын күшейту қажет екенін айтты.
«Ашық есік күндері болады. Бір айдың ішінде, соның ішінде сенбі күндері де әйелдер келіп, тексеріле алады. Скринингтен өтуге мүмкіндік бар. Ал ауылдық жерлерде бір ауданға бір ғана емхана болуы мүмкін. Сондықтан шалғай ауылдарға мобильді медициналық көліктер мен мамандарды шығару керек деп ойлаймын», – деді депутат.
Оның айтуынша, кейбір ауыл тұрғындары аудан орталығына барып тексерілуге мүмкіндік таппайды. Сондықтан медициналық қызметті тұрғындардың өзіне жақындату маңызды.
«Әр ауылға профилактикалық, мобильді дәрігерлер барып тұрса, ауылдағы әйелдер үшін үлкен көмек болар еді. Кейбір әйелдер бала-шағасын, малын тастап, маман іздеп аудан орталығына бара алмайды. Сондықтан мамандардың өздері ауылдарға барып, осындай тексерулерді жүргізуі қажет», – деді Жұлдыз Дәнбаева.
Депутат сонымен бірге ауылдық амбулаториялардағы медицина қызметкерлерінің де ақпараттандыру жұмысына белсенді қатысуы қажет екенін атап өтті. Оның пікірінше, алғашқы медициналық көмек көрсететін мамандар әйелдерге скринингтен өтудің маңызын түсіндіріп, қажет болған жағдайда тиісті тексеруге бағыттай алады.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, Қазақстанда 40-76 жас аралығындағы әйелдер үшін сүт безі обырын ерте анықтауға арналған тегін скрининг қарастырылған. Мамандар өзін-өзі тексеру дәрігердің толыққанды медициналық тексеруін алмастырмайтынын ескертеді.
Сонымен қатар қазан айында қалалар мен аудан орталықтарында әйел денсаулығына назар аударуға арналған жүгіру жарыстары мен серуендер өтеді. 1 қазаннан бастап күн сайын 19:00-ден 20:00-ге дейін бірқатар қоғамдық ғимараттардың қасбеттері қызғылт түспен жарықтандырылады.
Науқанның символы – әйел бейнеленген қызғылт лента. Бастамаға «Әділет» партиясының Әйелдер қанаты да қолдау көрсетіп отыр.