Қылмыс

Ақтауда бала өлімінен кейін балалар хирургі ұсталды

Ақтауда облыстық балалар ауруханасының хирургі қызметтік міндетін тиісінше атқармады деген күдікпен ұсталды. Тексеру барысында науқас балаға медициналық көмек көрсету кезінде бірқатар олқылық анықталған.

Ақтауда облыстық балалар ауруханасының хирургі кәмелетке толмаған науқастың өліміне байланысты күдікке ілініп, ұсталды. Оған кәсіби міндеттерін тиісінше орындамады деген айып тағылып отыр.

Тергеу мәліметінше, балаға облыстық балалар ауруханасында көмек көрсету кезінде ұйымдастыру-тактикалық және емдеу-диагностикалық сипаттағы қателер жіберілген. Кейін оның жағдайы нашарлаған соң, санитарлық авиация арқылы Алматыдағы медициналық мекемеге жеткізілген, алайда ол сол жерде көз жұмған.

Полиция өкілдері қажетті тергеу амалдары жүргізілгенін, медицина қызметкерлерінен жауап алынғанын және бірқатар сот-медициналық сараптама тағайындалғанын хабарлады.

Сот-медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, кәмелетке толмаған балаға көрсетілген медициналық көмекте асқынулардың дамуына әсер етуі мүмкін кемшіліктер анықталған.

Хирург Қазақстанның Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 128-бабына сәйкес ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Маңғыстау облысы полиция департаменті істі тергеу жалғасып жатқанын және өзге деректер тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейтінін мәлімдеді.

Осы арада Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасы директорының орынбасары Үміт Ільясова ұсталған дәрігерді қолдап, Facebook желісінде Қазақстанның денсаулық сақтау министрі мен ішкі істер министріне арнап жазба жариялады.