Жаңалықтар

Қазақстан Халық Кеңесі Төралқасының құрамы мен комитет басшылары бекітілді

Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен алғашқы отырыста Төралқа Қазақстан Халық Кеңесінің тұрақты комитеттері мен Әдеп жөніндегі комиссиясының құрамы бекітілді. Жиында бірлік пен келісімнің жаңа тұжырымдамасы, өңірлермен жұмыс және азаматтар ұсыныстарын жинақтау мәселелері қаралды.

Ерлан Қошановтың төрағалығымен Қазақстан Халық Кеңесі Төралқасының алғашқы отырысы өтті. Жиында Мемлекет басшысы Халық Кеңесінің сессиясында айқындаған стратегиялық міндеттер талқыланып, оларды іске асыру жолдары қаралды.

Отырыс барысында тұрақты комитеттердің құрамы мен Әдеп жөніндегі комиссия бекітілді. Комитеттердің жұмысына Вера Ким, Марат Әзілханов және Табиғат Зейнұлқабден жетекшілік етеді: Вера Ким — қоғамдық бастамаларды дамыту комитетін, Марат Әзілханов — қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік бағытын, Табиғат Зейнұлқабден — өңірлік даму және жергілікті өзін-өзі басқару комитетін басқарады.

Ерлан Қошанов өз сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің алдына қоғамдық келісім мен бірлікті нығайту, азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысуын кеңейту, қоғам мен мемлекет арасындағы диалогты күшейтуге бағытталған мемлекеттік маңызы бар міндеттер қойғанын айтты.

«Бүгінгі міндеттердің ауқымын бұрынғыдан да терең түсіну маңызды. Бұл — елдің саяси жаңғыруына бағытталған Президенттің үлкен тарихи бағытының жалғасы. Мемлекет адамға одан әрі жақындай түсіп, азаматтардың дауысы орталық мәнге ие болатын бағыт. Меніңше, Халық Кеңесінің терең мәні де осында. Біздің жауапкершілігіміз де осында», – деді Ерлан Қошанов.

Жиында жаңа Бірлік пен келісім тұжырымдамасын іске асыру, өңірлермен өзара байланысты кеңейту, қоғамдық бақылау тетіктерін жетілдіру, мәслихаттар мен қоғамдық кеңестерді қолдау мәселелері де сөз болды. Қатысушылар ғылыми-сараптамалық қауымдастықты тарта отырып, комитеттердің алдағы кезеңдегі жұмысы жүйелі әрі сапалы болуы керектігін атап өтті.

Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Бағдат Мусин өңірлерден келетін бастамалар саны артуы мүмкін екенін айтып, оларды жүйелі жинау, өңдеу және бақылау үшін бірыңғай ақпараттық платформа құруды ұсынды. Сондай-ақ отырыста азаматтардың мемлекеттік басқаруға тікелей қатысуына арналған жаңа тетіктерді қалыптастыру жайы көтерілді.

Бұдан бөлек, Қазақстан Халық Кеңесі Төралқасының құрамы да толықты. Оған Қазақстан Халық Кеңесінің басшылығы мен тұрақты комитеттердің төрағаларынан бөлек, Бекмұрат Жүсупов, Наринэ Микаелян, Денис Рыпаков және Нұртай Сабильянов кірді.