WhatsApp арқылы 461 адамды алдап, 700 млн теңге алған
Қарағандыда WhatsApp арқылы жасалған алаяқтық салдарынан 461 адам зардап шегіп, келтірілген шығын 700 млн теңгеге жеткен. Сот іс бойынша үкім шығарды. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
Күдіктілер азаматтарға Қытайдан түрлі тауарлар жеткізіп беруге уәде еткен. Ұсынылған өнімдердің қатарында тұрмыстық заттардан бастап, көлікке дейін болған. Тауарлардың бағасы нарықтағы құнынан бірнеше есе төмен болғандықтан, ұсыныс көпшіліктің қызығушылығын тудырған.
Сатып алушылар ақшасын алдын ала аударып, тапсырыстарының жеткізілуін күткен. Алайда бірқатар жағдайда тауарлар уақытында келмеген. Кейбір клиенттерден жеткізуге немесе кедендік рәсімдеуге қосымша ақша төлеу сұралған. Соған қарамастан, тапсырыстарын да, ақшасын да ала алмаған азаматтар полицияға жүгінген.
Сот екі әйелді алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танып, әрқайсысына 6 жыл 8 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған. Жазаны орындау бір жылға кейінге қалдырылған. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.