NVIDIA басшысы Дженсен Хуанг Астанада болды
2026 жылғы 23 қазанда NVIDIA компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Дженсен Хуанг Астанадағы alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығына алғаш рет барды. Сапар барысында оған Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы әлеуеті, цифрлық инфрақұрылымы және Physical AI бағытындағы даму жоспарлары таныстырылды, деп хабарлайды Newsroom.kz.
Дженсен Хуанг Сингулярлық мұражайын аралап, жасанды интеллект тарихына арналған экспозициялармен танысты. Ол мұражайдағы 1980 жылғы NVIDIA RIVA TNT бейнекартасына қолтаңбасын қалдырды. Сондай-ақ AI Cinema кинотеатрына барып, жасанды интеллект көмегімен жасалған контентті көрді.
Сапар аясында Қазақстанның мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, AI-инфрақұрылымын дамыту және технологиялық стартаптарды қолдау бағытындағы жобалары таныстырылды. Олардың қатарында alem.gpt виртуалды көмекшісі, стартаптарға арналған Startup City платформасы және Екібастұзда құрылып жатқан Data Center Valley деректер орталықтарының кластері бар. Соңғы жобаның жоспарланған энергетикалық қуаты 1 ГВт-қа дейін жетеді.
NVIDIA басшысына қазақстандық технологиялық компаниялардың әзірлемелері де көрсетілді. Атап айтқанда, ARC Aero компаниясының ұшу аппараттары, QazTWIN цифрлық егіздер платформасы, DeepInfra-ның AI-инфрақұрылымы және робототехника мен зияткерлік жүйелер саласындағы басқа да жобалар таныстырылды. Freedom компаниясы Алматы мен Астананың цифрлық егіздерін құру арқылы автономды роботтарды қалалық ортада сынау жоспарын ұсынды.

Бұдан бөлек, Дженсен Хуанг TUMO Astana және Tomorrow School білім беру орталықтарының оқушыларымен кездесіп, жасанды интеллект саласында мамандар даярлау бастамаларымен танысты. Ол сондай-ақ NVIDIA мен OpenAI қолдауымен өткен HackAlem AI хакатонының жеңімпаздарымен жүздесті. Іс-шара қатысушылар саны бойынша GUINNESS WORLD RECORDS рекордын орнатқан.
Сапар барысында Қазақстанның алғашқы технологиялық юникорны Higgsfield компаниясының негізін қалаушыларымен де кездесу өтті. Тараптар генеративті видео технологияларын және отандық технологиялық экожүйені дамыту перспективаларын талқылады.
Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, ел энергетикалық әлеуетін, өнеркәсіптік базасын және білікті мамандарын пайдалана отырып, Physical AI саласындағы халықаралық орталықтардың біріне айналуды көздейді. Бұл бағыт робототехника, автономды жүйелер және жасанды интеллектті нақты өндірістік процестерге енгізуді қамтиды.
Сапардың негізгі оқиғаларының бірі Дженсен Хуанг пен Жаслан Мәдиевтің жасанды интеллекттің болашағы, технологиялардың экономика мен білімге ықпалы және Қазақстанның жаһандық AI нарығындағы рөлі туралы fireside chat форматындағы сұхбаты болды.
Дженсен Хуангтың сапары Astana Hub қолдауымен және NVIDIA бас серіктестігімен ұйымдастырылған AI Month іс-шараларының қорытындысына айналды. Қазақстан бұл бастамалар арқылы халықаралық технологиялық ынтымақтастықты кеңейтіп, отандық мамандар мен стартаптардың жаһандық нарыққа шығуына жағдай жасауды көздейді.