Токаев атом энергетикасы мен ядролық қауіпсіздік бойынша тапсырма берді
Қасым-Жомарт Тоқаев Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиевті қабылдап, Қазақстандағы атом саласының негізгі бағыттарын талқылады. Кездесуде АЭС құрылысы, ядролық қауіпсіздік және кадр даярлау мәселелері көтерілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиевті қабылдады. Кездесу барысында президентке агенттіктің 2026 жылғы қызметінің негізгі нәтижелері жөнінде есеп берілді.
Мемлекет басшысы атом өнеркәсібі мен энергетикасының қазіргі жай-күйі туралы ақпарат алды. Әңгіме АЭС салу, атом ғылымы мен инновацияны дамыту, кадр даярлау және салалық жобалардағы қазақстандық үлесті арттыру мәселелерін қамтыды.
Сонымен қатар Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру, радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу жүйесін жетілдіру, сондай-ақ ядролық және радиациялық қауіпсіздік саласындағы нормативтік-құқықтық базаны нығайту тақырыптары да қаралды.
Кездесу қорытындысы бойынша президент ұлттық атом энергетикасын дамыту мәселелерін ерекше бақылауда ұстауды және атом саласын дамыту стратегиясы аясында белгіленген міндеттерді уақтылы іске асыру үшін қажетті шаралар қабылдауды тапсырды.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйек айында Ұлттық ғылым және технологиялар кеңесінің отырысында Абай облысында тағы бір АЭС салынуы мүмкін екенін айтқан еді. Сондай-ақ Алматыдағы Ядролық физика институты базасында көпмақсатты зерттеу реакторын құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынған.
Еске салайық, 2025 жылдың ақпанында Қазақстанда АЭС салатын орын ресми түрде бекітіліп, ол Алматы облысының Жамбыл ауданында орналасатыны хабарланған болатын.