Ұлттық банк базалық мөлшерлемені тағы төмендетті: доллар бағамына әсері қандай
23 қазанда Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 50 базистік пунктке төмендетіп, 15,75 пайызға түсірді. Сарапшылар бұл шешім теңге бағамына ықпал етуі мүмкін екенін айтқанымен, доллардың бағытына бір ғана фактор әсер етпейтінін атап өтті.
Соңғы екі айда доллар теңгеге шаққанда біресе айтарлықтай арзандап, біресе бірнеше күн ішінде жоғалтқан құнын қайтара бастағаны байқалды. Осы кезеңде 23 қазанда Қазақстан Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені тағы да төмендетті. Бұл шешім теңге бағамына қалай әсер етеді, доллардың жаңа секірісі болуы мүмкін бе — сарапшылар осылай бағалады.
Өткен жұмада Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 50 базистік пунктке түсіріп, оны жылдық 16,25 пайыздан 15,75 пайызға дейін жеткізді. Мөлшерлеме дәлізі ±1 пайыздық пункт деңгейінде сақталды. Бұл — 2026 жылғы төртінші төмендету.
Экономист Арман Бейсембаев мұны сақтықпен жасалған қадам деп бағалады. Оның айтуынша, қазіргі жағдайда Қазақстанда ақшаның нақты құны шамадан тыс жоғары болып тұр, сондықтан мөлшерлемені бұдан да көбірек төмендетуге болар еді.
«Шынын айтсам, мен бұл шешімге сәл көңілім толмады. Ұлттық банк өте байсалды әрекет етті. Оны 0,75 немесе тіпті 1 пайыздық пунктке бірден төмендетуге де болатын еді, сонда қатаң ақша-несие саясатын неғұрлым қалыпты арнаға түсіруге болар еді».
Экономист Руслан Сұлтанов та мұны сақтық қадамы деп атады. Оның пікірінше, инфляция баяулаған кезде қысымды біртіндеп азайтуға болады, бірақ бағаның қайта үдей бастамауы үшін мұны абайлап істеу керек.
«Бұл — күрт бағыт ауыстыру емес, байыпты қадам. Қарапайым тілмен айтқанда: инфляция тез өсіп тұрғанда мөлшерлемені жоғары ұстау қажет. Ал инфляция баяулай бастағанда, қысымды сәл жеңілдетуге болады. Бірақ мұны абайлап жасау керек, әйтпесе баға қайтадан шапшаңдай бастайды. Яғни бұл шешім инфляция жеңілді дегенді білдірмейді. Тек жағдай шағын қадам жасауға мүмкіндік беріп тұр, ал бақылау бәрібір қатаң күйінде қалады».
Сарапшылардың айтуынша, ақшаның «қымбат» саналуы номиналды мөлшерлемемен ғана емес, нақты пайыздық мөлшерлемемен де өлшенеді. Ол базалық мөлшерлеме мен инфляция арасындағы айырма арқылы есептеледі.
Арман Бейсембаевтың есебінше, қазіргі көрсеткіштер бойынша 15,75 пайыздан 9,3 пайыздық қыркүйек инфляциясын шегергенде 6,45 пайыз шығады. Ол бұл көрсеткішті «инфляциялық құнсыздануды алып тастағандағы қарыз ресурстарының таза құны» деп сипаттады.
Теңге мен доллар арасында тікелей байланыс бар ма? Сарапшылардың түсіндіруінше, бар. Теңгедегі депозиттер мен облигациялар табыстылығы жоғары болған кезде ұлттық валютада ақша ұстау тиімдірек көрінеді.
Руслан Сұлтановтың айтуынша, мөлшерлеменің төмендеуі нарықтың бір бөлігін валюта сатып алуға итермелеуі мүмкін, бұл доллар сұранысын арттыруы ықтимал. Бірақ нарық бір ғана факторға бағынбайды: бағаға экспорттаушылардан келетін валюта көлемі де әсер етеді.
«Ұлттық банк мөлшерлемені төмендетті екен деп, доллар міндетті түрде қымбаттайды деу дұрыс емес. Керісінше де болуы мүмкін: егер нарыққа экспорттаушылардан көп валюта түссе, мөлшерлеме төмендесе де теңге нығаюы ықтимал».