Меркіде мектеп жанындағы дрифт апатпен аяқталды
Жамбыл облысының Меркі ауылында кәмелетке толмаған жасөспірім мектеп-гимназияның автотұрағында BMW көлігімен дрифт жасап, көлікті бүлдірді. Оқиға кезінде маңайда балалар да болған. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
Оқиға 25 қазанда Тоқаш Бокин көшесінде орналасқан №39 Темірбек Қожакеев атындағы мектеп-гимназияның жанында болған.
Әлеуметтік желіде тараған видеода BMW көлігінің оқу орнының автотұрағында күрт маневрлер жасап жүргені көрінеді. Бір сәтте жасөспірім көлікті басқара алмай қалып, жол-көлік оқиғасына ұшыраған.
Аталған дерек Меркі аудандық полиция бөлімінде тіркеліп, тиісті тексеру жүргізілген.
Полицияның мәліметінше, көлікті кәмелетке толмаған ұлына басқаруға бергені үшін 45 жастағы әйел әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Автокөлік айыптұраққа қойылды.