Швеция билігі ChatGPT сервистерін пайдалануды шектеді
Швеция үкіметі мемлекеттік ведомстволар қызметкерлерінің жұмыс компьютерлерінде ChatGPT және Claude жасанды интеллект сервистерінің веб-нұсқаларын бұғаттады. Шектеу 26 қазаннан бастап күшіне енді. Бұған құпия деректердің таралу қаупі себеп болған. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
Швеция билігі қызметкерлердің тиісті келісімдерсіз ашық жасанды интеллект сервистеріне құпия ақпарат енгізуіне алаңдаулы. Мұндай әрекеттер ақпараттық қауіпсіздікке қатер төндіруі мүмкін.
Үкімет ведомстволарының цифрландыру жөніндегі директоры Микаэль Веттеркранцтың айтуынша, ресми келісімсіз қолданылатын жасанды интеллект құралдары ақпарат қауіпсіздігіне қауіп төндіреді.
Балама ретінде мемлекеттік қызметкерлерге Microsoft Copilot сервисін пайдалану ұсынылған. Ол қауіпсіздік тексерісінен өтіп, үкіметпен жасалған келісім негізінде қолданылады.
Сонымен қатар, ChatGPT пен Claude модельдерін пайдалануға толық тыйым салынған жоқ. Кейбір қызметкерлер бұл модельдерге Intric ішкі жасанды интеллект платформасы арқылы қол жеткізе алады.
Осындай шектеулер Швецияның кейбір өзге де мемлекеттік мекемелерінде енгізілген.