Тоқаев ел тарихындағы ірі инфрақұрылымдық жобаны жариялады
Қазақстанда Ұлттық қор қаражаты есебінен «Халықтық құрылыс» бағдарламасын жүзеге асыру жоспарланып отыр. Жоба аясында өңірлерде медициналық, білім беру, спорт және мәдениет нысандары салынып, коммуналдық инфрақұрылым дамытылады. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Ұлттық қордың қаражаты жай ғана шоттарда сақталып қоймай, халықтың игілігіне қызмет етуі керек.
Бағдарлама аясында өңірлерде шамамен 70 медициналық нысан салу көзделген. Олардың қатарында ауруханалар, перзентханалар, жедел жәрдем станциялары мен балаларды оңалту орталықтары бар.
Сонымен қатар білім беру, спорт және мәдениет салаларында тағы 50-ге жуық нысан бой көтермек.
Бұдан бөлек, қаражат коммуналдық инфрақұрылымды дамытуға бағытталады. Атап айтқанда, елді мекендерге газ және таза ауызсу жеткізу жоспарланған. Үкімет бастапқы жобалар тізімін жыл соңына дейін әзірлеуі тиіс.
Президенттің айтуынша, бұл ел тарихындағы ең ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі болмақ. Бағдарламаны жүзеге асыру жүздеген мың адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.
«Біз келер ұрпаққа өркениетті, озық әрі жаңарған мемлекет қалдыруға міндеттіміз. Бұл – біздің парызымыз және ұрпақ алдындағы жауапкершілігіміз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.