Астанада 2027 жылы жаңа әуежайдың құрылысы басталады
Астанада 2027 жылы жаңа әуежайдың құрылысы басталады. Жобаға әуежай салу саласындағы әлемдік ірі компаниялардың бірі тартылмақ. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауында елімізде бірнеше әуежайдың құрылысы қатар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай ауқымды жұмысты бір мезгілде атқару тәжірибесі ел тарихында бұрын-соңды болмаған.
Мемлекет басшысы Арқалықтағы әуежайды қалпына келтіру жұмыстары аяқталғанын айтты. Сондай-ақ жақын уақытта Зайсан, Катонқарағай және Кендірлі әуежайлары іске қосылатынын жеткізді.
«Келесі жылы осы саладағы әлемдік ірі компаниялардың бірін тарта отырып, Астанада жаңа әуежайдың құрылысын бастаймыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жаңа әуежай жобасы елдің авиациялық инфрақұрылымын дамытуға бағытталған.