Шымкенттегі ҰҚК экс-басшысының 12 жылдық үкімі жойылды
Қазақстанның кассациялық соты Шымкент қаласы Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті басшысының бұрынғы бірінші орынбасары Манат Сарбасовқа қатысты 12 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкімнің күшін жойды. Қылмыстық іс қайта қарауға жіберілді. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
Адвокат Жасұлан Әсілбековтің мәліметінше, кассациялық саты алғашқы соттың үкімі мен апелляциялық сот алқасының қаулысын толықтай жойған. Бұған қылмыстық-процестік заңнама талаптарының елеулі бұзылуы себеп болған.
Қорғаушының айтуынша, сот алқабилердің дауыс беру тәртібіне және оларға қойылған сұрақтардың тұжырымдалуына қатысты заңбұзушылықтарды анықтаған. Сондай-ақ қорғау тарапы сот ісін жүргізу тіліне қатысты мәселелерді көтерген.
Енді іс Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында басқа құраммен қайта қаралады. Кассациялық соттың шешімі осы іс бойынша басқа сотталушыларға да қатысты.
Еске салайық, 2025 жылғы қазанда Манат Сарбасов пара алу, қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру және қызметтегі әрекетсіздік баптары бойынша кінәлі деп танылып, 12 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Іс материалдарына сәйкес, оған 70 миллион теңге көлемінде пара алды деген айып тағылған.
Үкімнің күші жойылғанына қарамастан, Сарбасов қамауда қалды. Адвокаттың айтуынша, оған қатысты бұлтартпау шарасы өзгеріссіз қалған.