Шымкентте чемоданның астарына алтын жасырған:
Шымкент әуежайы арқылы Түркияға шамамен 2,8 келі алтынды заңсыз алып өтпек болған азаматтардың әрекеті әшкереленді. Құны 227,8 млн теңгеге бағаланған бағалы металл тәркіленді. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
Тергеу мәліметінше, Өзбекстан азаматтары алтынды кеден қызметкерлерінен жасыру үшін ерекше тәсіл қолданған. Олар бағалы металдың бөлшектерін чемодандардың ішкі астарына және жүк қаптамасына жаққан.
Алайда заңсыз әрекет әшкереленіп, алтын көлік прокуратурасының өтінішхаты негізінде сот үкімі шыққанға дейін тәркіленген.
Күдіктілерге халықаралық іздеу жарияланды. Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр.