Әлем

Днепрдегі вокзалға жасалған дрон соққысынан 15 адам қаза тапты

Днепрдегі теміржол вокзалы мен электр пойызына жасалған ресейлік дрон шабуылынан 15 адам көз жұмды, кемінде 14 адам жараланды. Жараланғандардың арасында 11 жастағы бала бар, ал 40 жастағы ер адамның екі аяғы ампутацияланды.

Украинаның Днепр қаласында бейсенбі күні таңертең теміржол вокзалы мен электр пойызына жасалған ресейлік дрон соққысынан 15 адам қаза тауып, кемінде 14 адам жараланды. Оқиғаға байланысты қалада құтқарушылар, дәрігерлер мен полицейлер жұмыс істеп жатыр.

Днепропетровск облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Александр Ганжа 14 жараланғанның 13-і ауруханаға жеткізілгенін айтты. Оның сөзінше, олардың алтауы ауыр хәлде, жаралылардың арасында 11 жастағы ұл бала бар. 40 жастағы ер адамның екі аяғы кесілген.

Жұма күні таңертең тағы бір жараланған адамның қайтыс болғаны белгілі болып, қаза тапқандар саны 15-ке жетті. «Укрзалізниця» дерегінше, реактивті ұшқышсыз ұшақ соққысы пойыз № 866 Днепр — Запорожье тұрған платформалардың біріне түскен.

Компания өкілдері платформада сол сәтте адамдар болғанын, ал шабуыл эвакуация туралы хабарламадан 13 минут өткен соң жасалғанын мәлімдеді. Ұлттық полицияның хабарлауынша, дрон вокзал аумағына шамамен сағат 11:00-де бағытталған.

Украина президенті Владимир Зеленский бұл соққыны «Днепрдегі теміржол вокзалына жасалған қорқынышты ресейлік соққы» деп атап, қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Ол Ресейге қарсы жаңа, қатаң халықаралық санкциялар қажет екенін мәлімдеді.

Днепр мэрі Борис Филатовтың айтуынша, дрон бейбіт электр пойызына тиген. Ресей билігі Днепрге жасалған бұл шабуылға қатысты әзірге пікір білдірмеді.