Аймақтар

Алматы метросында бомба туралы жалған хабар берген әйел ұсталды

Алматы метросында таңертең қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, жолаушылар станциялардан шығарылды. Бұған әйелдің пойызда немесе станцияда жарылғыш зат бар екенін хабарлауы себеп болған. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.

Метрополитен баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға «Райымбек батыр» станциясында болған. Әйел қызметкерлерге жарылғыш құрылғы бар екенін айтқаннан кейін, құқық қорғау органдары шақыртылған.

Алматы қалалық Полиция департаментінің хабарлауынша, әйел ұсталды. Алдын ала мәлімет бойынша, ол Психикалық денсаулық орталығында есепте тұрады.

Тексеру барысында жарылғыш құрылғылар мен күмәнді заттар табылған жоқ.

Қазіргі уақытта метро қалыпты жұмыс режиміне көшіп, пойыздар қозғалысы қайта жанданды.