6 қарашада Astana Hub құрылғанына сегіз жыл толды. Осы уақыт аралығында кластер технологиялық кәсіпкерлікті дамытуға, стартаптарды қолдауға, инвестиция тартуға және қазақстандық IT-компаниялардың халықаралық нарыққа шығуына мүмкіндік беретін инфрақұрылым қалыптастырды.
Ұйымның мәліметінше, экожүйеге кіретін 2 700 компанияның 560-ы шетелдік капиталдың қатысуымен жұмыс істейді. 2019 жылдан бері қатысушылардың жиынтық табысы 6,7 млрд долларды құраған. IT-қызметтер экспорты 2,4 млрд долларға жетсе, стартаптар 2 млрд доллардан астам инвестиция тартқан.
Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиұлының айтуынша, кластердің негізгі мақсаты – технологиялық нарықты кеңейтумен қатар, мамандардың, кәсіпкерлер мен инновациялық жобалардың дамуына жағдай жасау.
Сонымен бірге Astana Hub өңірлердегі IT-инфрақұрылымды дамытуға басымдық беріп келеді. Қазіргі уақытта кластер еліміздің әр аймағындағы 20 IT-хабты біріктіреді. Олар жергілікті технологиялық қауымдастықтарды қалыптастыруға, жаңа IT-мамандарды даярлауға және кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға бағытталған.
Өңірлік хабтар ашылғалы бері 5 200-ден астам іс-шара ұйымдастырылып, оған 80 мың адам қатысқан. Сондай-ақ 700 стартаптың жобасы таныстырылған. Бұдан бөлек, кәсіпкерлік бастамаларды дамыту және инновациялық жобаларды қолдау үшін Startup Orda, G-Ton және Smart City Accelerator бағдарламалары жүзеге асырылып жатыр.
2026 жылы технология саласындағы маңызды оқиғалардың қатарында Шымкентте өткен Digital Qazaqstan ұлттық форумы, Астанада ұйымдастырылған AI & Digital Bridge 2026 халықаралық форумы және Қазақстанда алғаш рет өткізілген GITEX AI Kazakhstan көрмесі бар. Бұл іс-шаралар елдің халықаралық технологиялық байланыстарын нығайтуға, инвестиция тартуға және Қазақстанның өңірлік IT пен жасанды интеллект орталығы ретіндегі әлеуетін танытуға ықпал етті.
Биылғы тағы бір ірі оқиға – HackAlem AI хакатоны болды. Оған 2 415 адам қатысып, іс-шара Гиннестің рекордтар кітабына енді. Жобаға NVIDIA және OpenAI сияқты әлемдік технологиялық компаниялар серіктес ретінде қатысты.
Осылайша, сегіз жыл ішінде Astana Hub технологиялық компанияларды, инвесторларды, стартаптар мен IT-мамандарды біріктіретін ірі экожүйеге айналып, Қазақстанның цифрлық экономикасын дамытуға үлес қосып келеді.