Sportroom

Әуезов университетінің студенті әлем чемпионатында күміс алды

Қытайдың Нинбо қаласында өтіп жатқан ауыр атлетикадан әлем чемпионатында қазақстандық спортшы Нұрғиса Әділетұлы тарихи нәтиже көрсетті.  Бұл туралы Newsroom.kz  хабарлайды 

95 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен ол қоссайыс қорытындысы бойынша 399 келі көтеріп, әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Сонымен қатар спортшы әлемдік рекордты жаңартты.

Нұрғиса Әділетұлы – Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің «Құқықтану» білім беру бағдарламасы бойынша білім алып жатқан екінші курс студенті.

Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсеткен ауыр атлет жұлқа көтеруде 182 келіні, ал серпе көтеруде 217 келіні бағындырды. Екі жаттығудың нәтижесі бойынша 399 келі жинаған отандасымыз әлем біріншілігінің күміс медалін иеленді.

Осылайша, жас спортшы халықаралық додада жоғары нәтиже көрсетіп қана қоймай, әлемдік рекордты жаңартып, Қазақстан құрамасының қоржынына күміс жүлде салды.