Технология

Higgsfield негізін қалаушы Алекс Машрабов Қазақстан азаматтығын алды

Higgsfield компаниясының тең құрылтайшысы Алекс Машрабов Қазақстан азаматы атанды. Бұл туралы цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев хабарлап, тиісті жарлыққа Қасым-Жомарт Тоқаев 30 қазанда қол қойғанын айтты.

Higgsfield компаниясының тең құрылтайшысы Алекс Машрабов Қазақстан азаматтығын алды. Бұл жөнінде министр Жаслан Мәдиев өзінің Instagram парақшасында жазды.

Министрдің айтуынша, тиісті жарлыққа Қасым-Жомарт Тоқаев 30 қазанда қол қойған. Жаслан Мәдиев бұл жаңалықты жариялай отырып, «Қазақстанда енді бір миллиардер көбейді!» деп жазды.

Ол сондай-ақ Higgsfield өнімін 40 млн-нан астам адам пайдаланатынын атап өтті. Министр компания командасына Қазақстандағы жасанды интеллект индустриясын дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.

Жаслан Мәдиевтің сөзінше, Қазақстан технология әзірлеушілерінің өз жоспарларын елмен байланыстырып, идеяларын жүзеге асыруына мүмкіндік табуын қалайды. Оның айтуынша, мұндай жетістік жастарға үлгі бола алады.

Higgsfield — жасанды интеллект көмегімен видео жасауға арналған құралдар әзірлейтін компания. Оның сервистері әлеуметтік желілер мен маркетингке арналған роликтерді жасауға және өңдеуге мүмкіндік береді.

Алекс Машрабов — Higgsfield-тің тең құрылтайшысы әрі бас директоры. Бұған дейін ол Snap компаниясында генеративті жасанды интеллект бағытын басқарған. Оған дейін AI Factory стартапының тең құрылтайшысы болған, кейін бұл жобаны Snap сатып алған.

Еске салайық, 2023 жылы inDrive компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Арсен Томский де Қазақстан азаматтығын алған болатын.