Қылмыс

Ақтөбеде 26 жастағы әйелді бұрынғы күйеуі тұншықтырып өлтірді деген күдікке ілінді

Ақтөбе қаласында 26 жастағы әйел өз пәтерінде қаза тапты. Адам өлтірді деген күдікпен марқұмның 31 жастағы бұрынғы күйеуі ұсталды. Қайғылы оқиға Есет батыр тұрғын алабында болған. Марқұмның артында кішкентай қызы қалды.

Туыстарының айтуынша, әйел жұмыстан кейін баласын балабақшадан алып, үйіне қайтқан. Алдын ала мәлімет бойынша, бұрынғы күйеуі оның соңынан аңдып, пәтеріне дейін барған. Қылмыс та сол жерде жасалған.

Марқұмның жақындары ер адамның некеде тұрған кезінде де әйелін бірнеше рет ұрып-соғып, қорқытқанын айтады. Туыстарының сөзінше, отбасындағы зорлық-зомбылық салдарынан әйел ажырасуға шешім қабылдаған.

Марқұмның тәтесі әлеуметтік желіде жиенінің отбасылық суреттерін жариялап, оған арнап жүрекжарды жазба қалдырған.

«Жаным, менің Әселім. Енді сені ешқашан көрмейтінімізге сену қиын. Бір қатыгез адамның сенің өміріңді осылай қиятынын кім ойлаған?» – деп жазған ол.

Сондай-ақ туысы Әселдің өмірге деген жоспары мен арманы көп болғанын атап өткен. Оның айтуынша, марқұм әлі талай бақытты күндерді бастан өткеріп, армандарына жетуі керек еді.

Ал полиция департаментінің мәліметінше, күдікті ұсталған. Тергеудің алдын ала нұсқасына сәйкес, қылмыс бұрынғы ерлі-зайыптылар арасындағы тұрмыстық жанжал негізінде жасалған.

Полицияның хабарлауынша, бұған дейін аталған азаматтардан отбасылық жанжалға қатысты арыз-шағым түспеген.

Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу амалдары жүргізілуде.