Қылмыс

Миллиондық есірткі бизнесі: Қарағандыда ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелері сотталды

Қарағанды облысында екі жыл бойы есірткі өндіріп, заңсыз саудадан миллиондаған пайда тапқан ұйымдасқан қылмыстық топтың бес мүшесіне сот үкімі шықты. Қылмыстық жолмен табылған ақшаға олар 580 миллион теңгеден астам мүлік сатып алған.

Бас прокуратураның мәліметінше, қылмыстық топ 2022–2024 жылдары Қарағанды және Алматы облыстарының аумағында әрекет еткен. Оны С. және А. есімді азаматтар басқарған.

Топ мүшелері психотроптық заттардың аналогтарын өндіру мен сатуды тұрақты табыс көзіне айналдырған. Заңсыз бизнесті жолға қою үшін арнайы зертханалар ашып, қажетті химиялық заттар мен жабдықтарды сатып алған. Сондай-ақ жаңа адамдарды тартып, олардың арасында міндеттерді бөліп берген.

Осылайша, қатысушылары мен қызметтік міндеттері нақты белгіленген қылмыстық құрылым қалыптасқан. Заңсыз айналымнан түскен қаражатқа жалпы құны 580 миллион теңгеден асатын мүлік алынған.

3 қарашада Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты топтың бес мүшесін кінәлі деп таныды. Олар ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оған қатысу, есірткі мен психотроптық заттардың заңсыз айналымы, сондай-ақ осы қылмыстарды жасауға оқталу баптары бойынша сотталған.

Сот барысында мемлекеттік айыптаушылар қаржылық құжаттарды, сараптама қорытындыларын және өзге де дәлелдемелерді ұсынған. Бұл сотталушылардың кінәсін және қылмыстық жолмен алынған мүлікті тәркілеудің негізділігін дәлелдеуге мүмкіндік берген.

Айта кетейік, сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.