Оқушыларға тегін шұбат: Жаңаөзенде ерекше жоба іске қосылды
Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласындағы мемлекеттік мектептердің ас мәзіріне ұлттық сусын – шұбат енгізілді. Жоба қаладағы 25 мектепті қамтиды.
Бастаманың негізгі мақсаты – оқушылардың дұрыс тамақтануын қамтамасыз ету, денсаулығын нығайту және ұлттық тағамдарды насихаттау.
Жоба Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың бастамасымен жүзеге асырылып жатыр. Осы мақсатта жергілікті кәсіпкерлермен өнім жеткізу туралы ресми келісімшарт жасалған. Ал Жаңаөзенде іске қосылған шұбат өндіру цехы жылына 400 тоннаға дейін өнім шығаруға қауқарлы.
Ұлттық сусын оқушыларға биыл қараша айынан, яғни екінші тоқсаннан бастап беріледі. Әр балаға екі аптада бір рет 200 грамдық жеке құты ұсынылады.
Шұбатпен ыстық тамақ ішетін бастауыш сынып оқушылары және 5–11-сыныптардағы әлеуметтік осал санатқа жататын балалар қамтылады.