Енді жүргізуші куәлігіне арналған теориялық емтиханды онлайн тапсыруға болады
Астанада жүргізуші куәлігін алуға үміткерлерге теориялық емтиханды қашықтан тапсыруға мүмкіндік беретін пилоттық жоба іске қосылды. Енді тестілеуден өту үшін ХҚКО-ға барудың қажеті жоқ.
Жаңа қызмет eGov Mobile қосымшасындағы «ХҚКО қызметтері» — «Теорияны онлайн тапсыру» бөлімінде қолжетімді. Әзірге оны тек Астанада тұрақты тіркеуі бар тұрғындар пайдалана алады.
Өтінім беру үшін үміткер бұрын жүргізуші куәлігін алмаған, көлік басқару құқығынан айырылмаған болуы керек. Сонымен қатар, автомектепті аяқтағаны туралы жарамды куәлігі мен медициналық анықтамасы болуы және диспансерлік есепте тұрмауы қажет.
Емтихан тапсыру үшін қосымшада жүргізуші куәлігінің санатын таңдап, 1414 нөмірінен келген SMS арқылы дербес деректерді пайдалануға келісім беру және қызмет ақысын төлеу қажет. Осыдан кейін eGov жеке кабинетіне арнайы сілтеме жіберіледі. Ол төлем жасалған күннен бастап 30 күн бойы жарамды және тек компьютер арқылы ашылады.
Тест 40 сұрақтан тұрады, оны орындауға 40 минут беріледі. Емтиханнан өту үшін кемінде 32 сұраққа дұрыс жауап беру керек. Тестілеу күн сайын сағат 09:00-ден 20:00-ге дейін өткізіледі. Алайда оны 19:20-дан кешіктірмей бастау қажет. Бір ғана мүмкіндік беріледі. Нәтиже теріс болған жағдайда емтиханды келесі күні қайта тапсыруға болады. Тестілеу алдында түстерді ажырату қабілеті де тексеріледі.
Емтиханның ашықтығын қамтамасыз ету үшін автоматтандырылған прокторинг жүйесі бар ExamApp қосымшасы қолданылады. Ол үміткердің жеке басын анықтап, видео, аудио және компьютер экранын жазып отырады. Сонымен қатар, смартфонды екінші камера ретінде пайдалану қажет. Телефон үміткерден шамамен 1,3 метр қашықтықта, бүйір жақта орналасуы тиіс. Тестілеу басталғанға дейін бөлмені көрсету керек.
Жүйе компьютерде тыйым салынған бағдарламалардың, VPN, Proxy, қашықтан басқару құралдары мен қосымша мониторлардың бар-жоғын тексереді. Ереже бұзушылықтар автоматты түрде тіркеліп, жауапты мамандардың қарауына жіберіледі.
Емтихан тапсыру үшін Windows 7 және одан жоғары немесе macOS операциялық жүйесі орнатылған компьютер не ноутбук, веб-камера, микрофон, камерасы бар смартфон және тұрақты интернет қажет. Google Chrome браузерін пайдалану ұсынылады. Телефон немесе планшет арқылы емтихан тапсыруға болмайды.
Теориялық емтиханнан сәтті өткен азаматтар практикалық жүргізу емтиханына «ХҚКО» қосымшасы арқылы жазыла алады немесе мамандандырылған ХҚКО-ға жүгіне алады. Емтиханды бұрынғыдай ХҚКО-да тапсыру мүмкіндігі де сақталады.
Қызметке қатысты сұрақтар бойынша қосымшадағы қолдау чатына, pdd_support@goscorp.kz электрондық поштасына немесе 1414 байланыс орталығына хабарласуға болады.