Қазақстандықтардың 93%-ы елдің даму бағытын оң бағалайды
Қазақстандықтардың басым бөлігі елдің қазіргі даму бағытын қолдайды. ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) зерттеуіне сәйкес, сауалнамаға қатысқандардың 93%-ы Қазақстан дұрыс бағытта дамып келеді деп есептейді.
Зерттеу нәтижесінде елдің даму бағытына ең жоғары қолдау 18–29 жас аралығындағы жастар арасында тіркелген. Олардың 95,1%-ы мемлекеттің даму жолын оң бағалаған.
Сауалнамаға қатысушылар бірлік пен заң үстемдігін нығайтуға, мәдениет, білім және ғылымды дамытуға бағытталған мемлекеттік шараларға да жоғары баға берген.
Сонымен қатар респонденттердің 82,4%-ы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатының жүзеге асырылуын оң бағалайды. Бұл көрсеткіш жастар арасында 89,6%-ды, ал 61 жастан асқан азаматтар арасында 77,6%-ды құраған.
ҚСЗИ мәліметінше, елдің даму бағытын оң бағалайтын азаматтардың арасында мемлекеттік органдар халықтың өтініштері мен мәселелеріне назар аударады деген пікір де басым.
Айта кетейік, әлеуметтанулық зерттеу 2026 жылғы 5 қазан мен 5 қараша аралығында жүргізілген. Сауалнамаға Қазақстанның 17 облысы мен республикалық маңызы бар үш қаласынан 18 жастан асқан 8 105 азамат қатысқан.
Зерттеу нәтижелері Тәуелсіздіктің 35 жылдығы қарсаңында қазақстандықтардың елдің даму үдерісіне қатысты қоғамдық пікірін көрсетеді.