Тарих

Желтоқсанға қатысқандар жүректегі жазылмас жарасын айтты

Жәрналист әрі документалист Әлия Әшімнің «Желтоқсанға жауаптылар неге сотталмады?» атты деректі фильмінде 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқан азаматтар сол бір зұлмат күндердің ақиқатын баяндайды. Фильмде желтоқсаншылармен бетпе-бет жүздесіп, көтерілістің қасіретті сәттері мен кейінгі тағдырлы шешімдер жайы қозғалған. 

Деректі фильмде Желтоқсан көтерілісіне қатысқан Қайыргелді Күзембаев пен Түгелбай Тәшенов сол күндері бастан өткергендерін еске алған. Айтуларынша, Қайрат Рысқұлбековке Сергей Савицкийді өлтірді деген айып тағылып, ал өздеріне сол «қылмысқа көмектесті» деген негізсіз жала жабылған. Соның салдарынан Қайыргелді Күзембаев 14 жылға, Түгелбай Тәшенов 15 жылға бас бостандығынан айырылған.

Алайда желтоқсаншылар Савицкий деген адамды мүлде көрмегенін, тіпті Қайрат Рысқұлбековтің өзін де сол кезде кездестірмегенін айтады.

«Ол — алаңда қаза тапқан жасақшы. Қалай, кімнің қолынан өлгені белгісіз. Бірақ бар кінәні бізге артты. Біздің оған еш қатысымыз болған жоқ. Жас қыздарды күрекпен ұрып жатқанын көрдік. Өзіміз де қашып жүрдік, жас едік. Сотта “неге қолыңа таяқ алдың?” дейді. Ондай кезде жай қарап тұру мүмкін бе?» — дейді Түгелбай Тәшенов.

Желтоқсаншылардың айтуынша, сол кезеңде өздеріне ату жазасы кесілмегеніне шүкіршілік еткен.

«Маған 14 жыл бергеніне қуандым. Өйткені ату жазасынан аман қалдым. Оқыған адам болғаным үшін жазаны жеңілдетті. Сотта алған барлық марапаттарым айтылды», — деп еске алады Қайыргелді Күзембаев.

Фильм барысында Әлия Әшім анасының туған ауылына да барған. Белгілі болғандай, деректі фильм авторының марқұм анасы да құрбысымен бірге Желтоқсан оқиғасына қатысқан.

«Сол күнгі аяз ерекше қатты еді. Ыстық суды бетіңе құйғанда тайып, қаша алмай қаласың. Сол сәтте абдырап тұрғанда қоқыс таситын көліктерге тиеп әкетіп жатты. Қайда апарғанын да, кім апарғанын да білмейміз. Басымыздан қан сорғалап жатты. Қазақ жігіттері барынша қорғаштады. “Қашыңдар, бұлар аямайды” деп, біз Роза екеуіміз көшені бойлай жатақханаға қарай қаштық», — дейді желтоқсаншы келіншек.