Жаңалықтар

Жаңа жыл қарсаңында қазақстандықтарға арзан азық-түлік уәде етілді

Қазақстан Үкіметі отырысында азық-түлік бағасын тұрақтандыруға бағытталған қосымша шаралар талқыланды. Үкімет маусымдық қымбатшылыққа байланысты, әсіресе қияр мен қызанақ бағасының өсуін тежеу үшін бірқатар шешім қабылдады.

Осы мақсатта Түрікменстаннан жеткізілетін көкөністерге шекарада «жасыл дәліздер» іске қосылмақ. Бұл – өзінде жылыжай өндірісі жеткіліксіз өңірлерді қолжетімді бағадағы өніммен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар 22–31 желтоқсан аралығында еліміздегі супермаркеттерде Bereke fest акциясы өтеді. Оның аясында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары делдалсыз, тікелей фермерлерден және нарықтағы бағадан төмен сатылмақ.

Желтоқсан айында Қазақстан бойынша 800-ден астам ауыл шаруашылығы және мерекелік жәрмеңке ұйымдастыру жоспарланған. Әсіресе шалғай өңірлерге — Ұлытау мен Маңғыстау облыстарына басымдық беріледі.

Үкімет өкілдерінің мәлімдеуінше, соңғы төрт апта ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасында өсім тіркелмеген.