Әлем

АҚШ соғысқа кіре ме? Украинаға қауіпсіздік кепілдігі талқыланып жатыр

АҚШ пен Украина делегациялары арасында өткен келіссөздерде Украинаға қауіпсіздік кепілдіктерін беру мәселесі талқыланды. Кездесу 14–15 желтоқсанда Берлинде өтті.

АҚШ тарапы Украинаны қолдаудың түрлі нұсқаларын қарастыруға дайын екенін білдірген. Ақпарат көздерінің мәліметінше, әңгіме НАТО-ның 5-бабына ұқсас қағидаттарға негізделген қауіпсіздік кепілдіктері туралы болып отыр. Алайда Украинаға берілетін кепілдіктердің нақты мазмұны әзірге жарияланған жоқ.

НАТО-ның 5-бабына сәйкес, альянсқа мүше бір елге жасалған қарулы шабуыл барлық мүшеге жасалған шабуыл ретінде қарастырылады. Дегенмен бұл бап әскери көмектің нақты түрін автоматты түрде міндеттемейді — әр мемлекет қолдау формасын өз бетінше айқындайды.

Сарапшылардың пікірінше, Украинаға қатысты қауіпсіздік кепілдіктерінің нақты шарттары алдағы келіссөздер барысында айқындалуы мүмкін. Қазіргі таңда бұл мәселе АҚШ пен Украина арасындағы талқылау кезеңінде тұр.