Дегенмен осы қалыптасқан стереотипке қарсы шығып, тойды да, өмірді де ақылмен бастауды таңдаған жастар бар. Aqshamnews.kz жариялаған оқиға – соның айқын дәлелі.
Үлкен той емес, дұрыс шешім
Айдана Хожанова мен Кенжебек Зулкарнаев 300–500 адамға арнап, танымайтын жұртты жинап, даңғаза той жасаудан саналы түрде бас тартқан. Олардың ойынша, киіт, сансыз сыйлық пен артық рәсім – қуаныштан гөрі шығын.
«Алдымызда үйленген аға-әпкелеріміздің тойын көрдік. Ата-анамыздың қалай қиналғанын да білдік. Біз ондай жолды қаламадық», – дейді Айдана.
Жастар тойды тек ең жақын достары мен туыстарына арнап, шағын форматта өткізуді жөн көрген. Алғашында бұл шешімге екі жақтың ата-анасы да қарсы болған. Тіпті, «шағын тойға бармаймыз» дегендер де табылыпты. Бірақ ақыр соңында бәрі түсіністік танытып, жастардың бақытына батасын берген.
Онлайн таныстық – ортақ өмірге бастар жол
Екі жас 2024 жылдың тамызында онлайн танысқан. Ол кезде Айдана Италияның Милан қаласында тұрып жүрген. Кейін жұмыс бабымен екеуі де Алматыға келген. Онлайн басталған әңгіме алғашқы кездесудің өзінде-ақ болашаққа деген ортақ жоспардың барын аңғартқан.
«Ыстамбұлда, Алматыда, Атырауда кездесіп жүрдік. Ақпан айында Кенжебек ұсыныс жасады. Сол сәттен бастап бәрі айқын болды», – дейді жас келін.
7 сәуірде сырға салынып, ұзату өтті. Келесі күні жігіт жақта 30–50 адамға арналған шағын беташар жасалды. Ал 12 сәуірде достарына арнап, өздері қалаған форматта бас қосу ұйымдастырылған. Қонақ саны 50 адамнан аспаған.
7–8 миллион тойға емес, үйге
Ең маңызды шешім – тойға кететін 7–8 миллион теңгені екі бөлмелі пәтердің бастапқы жарнасына салу. Жастар ипотека арқылы үй алып, үйлене сала «үйлі» болған. Қазір пәтердің бір бөлігін төлеп үлгерген, қалғанын кезең-кезеңімен жауып жатыр.
Тойдың өзіне бар болғаны 750 мың теңге жұмсалған. Ал достары сыйға берген қаражат 400 мың теңгеге жуық. Нәтижесінде, нақты шығын шамамен 350 мың теңгенің айналасында ғана болған.
750 мың теңге қайда жұмсалды?
Қаражаттың негізгі бөлігі:
- фотограф пен видеографқа,
- асабаға,
- дастархан дайындаған аспаз еңбегіне кеткен.
Үстелдер жалданып, безендіру заттары қарапайым базардан алынған. Жетпеген ыдыстарды сатып алмай, достарынан уақытша алған. Ал даяшы қызметін туыс бауырлары атқарған.
Дастархан да ысырапсыз әзірленген. Мәзірде тек желінетін ас түрлері болған:
- үш түрлі салат (капрезе, баклажан, цезарь),
- суық тіскебасарлар мен жеміс-жидек,
- екі ыстық тағам (соустағы тауық пюремен, балық күрішпен),
- тәттілер мен сусындар.
Қарапайым, бірақ мәнді.
Балидегі бал айы – келісілген жоспар
Тойдан кейін жас отбасы бал айын Балиде өткізген. Бұл да алдын ала келісілген шешім. Айдана бұған дейін 25 елді аралаған, Кенжебек те шетелге жиі шығып жүрген. Саяхат – екеуінің ортақ арманы.
Олар саяхатты да ысырапсыз, тиімді жоспарлауды жақсы меңгерген.
Үй бар, жоспар бар, сенім бар
Бүгінде Айдана мен Кенжебек ата-ана болуға дайындалып жүр. Айы-күні де жақындап қалған. Ең бастысы – жас отбасы пәтерден-пәтерге көшіп, жалақыдан жалақыға қарап, қарыз қамытын кимей өмір сүріп жатыр.
Бұл оқиға бір нәрсені анық көрсетеді:
даңғаза той – бақыттың кепілі емес.
Ал келісім мен ақыл – мықты шаңырақтың негізі.
Мүмкін, дәл осындай мысалдар бүгінгі жастарға да, үлкендерге де ой салатын шығар.