Щучинскіде дәмхана өртеніп, алты адам қаза тапты
Ақмола облысының Бурабай ауданындағы Щучинск қаласында танымал палау орталығында жарылыс болып, арты ірі өртке ұласты. Алдын ала мәлімет бойынша, алты адам көз жұмып, жиырмаға жуық адам зардап шеккен.
Оқиға куәгерлері дәмханада газ баллоны жарылғанын айтады. Жарылыс салдарынан ғимаратта өрт тұтанып, адамдар үйінді астында қалған.
Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаменті мәліметінше, бес қабатты тұрғын үйге жапсарлас салынған бір қабатты кафеде газ-ауа қоспасының жарылысы болып, кейін өрт шыққан.
«Хабар түскен сәттен бастап 5 минут ішінде департамент күштері мен құралдары оқиға орнына жетті. Өрт сөндірушілер жанып жатқан ғимараттан сегіз газ баллонын алып шықты және 10-нан астам адамды құтқарды. Алдын ала дерек бойынша, шамамен 20 адам зардап шегіп, алты адам қаза тапты», — деп хабарлады ведомство.
Қазіргі уақытта өрт толық сөндірілген. Құтқарушылар үйінділерді аршу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталуда.
Облыстық ТЖД жанынан жедел желі ашылды: 8 (7162) 514-298.
Оқиға орнында департамент басшылығы, облыс әкімінің орынбасары, өрт сөндіру есептоптары, құтқару бөлімшелері, медицина қызметкерлері, полиция және газ-техникалық инспекция мамандары жұмыс істеуде. Санавиация мен ТЖМ реанимобильдері дайындыққа келтірілген.