Reuters агенттігінің жазуынша, АҚШ-тың Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) «Эпикалық қаһар» операциясы аясында «Tomahawk» зымырандарының, F-18 және F-35 жойғыш ұшақтарының фотосуреттері мен бейнематериалдарын, сондай-ақ Иранға жасалған соққылар туралы мәліметтерді жариялаған.
Камикадзе-дрондар
АҚШ әскери күштері Пентагон жариялаған фотосуреттерге қарағанда, Phoenix (Аризона штаты) қаласындағы SpektreWorks компаниясы өндіретін жаңа LUCAS (Low-Cost Unmanned Combat Attack System) ұшқышсыз аппараттарына ұқсас камикадзе-дрондарды қолданғанын мәлімдеді.
Пентагонның хабарлауынша, бұл – CENTCOM-ның ирандық «Shahed» дрондарының үлгісінде жасалған соққы жасаушы камикадзе-беспилотниктерді алғаш рет пайдалануы.
LUCAS дронының бір данасының құны шамамен 35 мың долларды құрайды. Ұшқышсыз аппараттар соғыс жүргізуде барған сайын маңызды рөлге ие болуда. Ресейдің Украинаға басып кіруінен кейін АҚШ пен өзге де елдер «қолжетімді масса» деп аталатын жаңа стратегияға көше бастады. Бұл – салыстырмалы түрде арзан қарудың көп мөлшерін дайын күйде ұстау тұжырымдамасы.
«Tomahawk» зымырандары
«Tomahawk Land Attack» – әдетте теңізден ұшырылатын, алыс қашықтыққа арналған қанатты зымыран. Ол терең соққы беру операциялары барысында нысандарды жоюға арналған. Жоғары дәлдіктегі «Tomahawk» қанатты зымыраны әуе қорғанысы күшейтілген аймақта да 1600 шақырымға дейінгі қашықтықтағы нысандарды жоя алады. Зымыранның ұзындығы – 6,1 метр, қанат құлашы – 2,5 метр, салмағы шамамен 1510 килограмм.
АҚШ пен одақтас елдердің әскери күштері GPS-навигациясы бар «Tomahawk» зымырандарын ұшу сынақтарынан өткізген және оларды нақты операцияларда пайдаланған. Мысалы, АҚШ пен Ұлыбритания әскери-теңіз күштері Йемендегі хусит көтерілісшілерінің позицияларына «Tomahawk» зымырандарын ұшырған.
Жойғыш ұшақтар
АҚШ-тың Орталық қолбасшылығы Иранға жасалған соққыларда F/A-18 және F-35 жойғыш ұшақтарының қолданылғанын көрсететін фото және бейнематериалдарды жариялады.
F-35 – радарға байқалмайтын, бесінші буындағы жойғыш ұшақ. Ол анықталудан жалтарып, жоғары дәлдіктегі оқ-дәрілерді алып жүре алады. F-18 – «әуе-әуе» және «әуе-жер» міндеттерін орындай алатын көп мақсатты жойғыш ұшақ, түрлі бомбалар мен зымырандарды тасымалдайды.
F-35 ұшақтары қарсыластың радиолокациялық қондырғыларын анықтап, жоюға қабілетті зымырандарды қоса алғанда, қарудың кең ауқымын алып жүре алады. Бұл ұшақтар Израиль әскери-әуе күштерінде де қолданылады.
АҚШ-тың Иранға қарсы операциясы
2026 жылғы 28 ақпанда АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы ауқымды әскери операциясы басталды. Негізгі нысандар ретінде әуе қорғанысы жүйелері, зымыран кешендері және ел басшылығының резиденциясы аталды. Хабарламаларға сәйкес, 12 сағат ішінде АҚШ Иран аумағына шамамен 900-ге жуық соққы жасаған.
Салдарынан Иранның жоғарғы көшбасшысы Әли Хаменеи және оның бірнеше жақын серіктесі қаза тапқаны айтылды.