weather Астана: --°C
weather Алматы: --°C
weather Шымкент: --°C
Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
Серіктестер
Тарату: WhatsApp Telegram Twitter Facebook

Балаева кедейлік қаупіне қатысты алаңдаушылыққа жауап берді

Мәжіліс депутаттары ауылдағы субсидияланатын жұмыс орындары қысқарып, кедейлік артуы мүмкін деген қауіп айтты. Үкімет бұл мәселеге ресми жауап берді.

Балаева кедейлік қаупіне қатысты алаңдаушылыққа жауап берді

2026 жылғы 1 наурызда вице-премьер – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева депутаттардың сауалына жауап беріп, елдегі жұмыссыздық деңгейі тұрақты екенін мәлімдеді.

Оның айтуынша, Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2025 жылдың IV тоқсанында ауылдық жерлердегі жұмыс күші 3,6 млн адамды құраған. Оның ішінде 3,4 млн адам – жұмыспен қамтылғандар, 1,1 млн-ы – өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұрғындар. Ресми тіркелген жұмыссыздар саны – 162,3 мың адам, жұмыссыздық деңгейі 4,6% болып, 2024 жылғы көрсеткішпен бірдей деңгейде қалған.

2025 жылы ауылда 174 мыңнан астам адам қолдау алды

Балаеваның мәліметінше, 2025 жылы ауылдық жерлерде 174,7 мың адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылған. Атап айтқанда:

– 107,2 мың адам субсидияланатын жұмыс орындарына орналастырылды;
– 28,9 мың адам «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқыды;
– 28,2 мың адам еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша онлайн-оқудан өтті;
– 5,6 мың әлеуметтік осал топ өкілі жаңа бизнес-идеяларға 400 АЕК көлемінде грант алды;
– 4,8 мың адам жұмыс берушілердің сұранысы бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жіберілді.

Вице-премьердің айтуынша, субсидияланатын жұмыс орындары ауыл тұрғындарын қолдаудың маңызды құралы болып қала береді. 2025 жылы Еңбек министрлігі бұл бағыттағы ережелерге өзгеріс енгізіп, жалған жұмыспен қамтуды болдырмау және бюджет қаржысын тиімді пайдалану тетіктерін күшейткен. Өзгерістер Бас прокуратура мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет анықтаған заңбұзушылықтардың алдын алу мақсатында қабылданған.

Даулы бұйрықтың күші уақытша тоқтатылды

Алайда жаңа талаптар Маңғыстау облысы мен Алматы қаласында кейбір үкіметтік емес ұйымдар мен жұмыссыз азаматтар тарапынан түсінбеушілік туғызған. Осыған байланысты 2025 жылғы 12 желтоқсанда қабылданған №395 бұйрықтың 2026 жылғы 6 қаңтардан бастап енгізілген өзгерістері 1 сәуірге дейін уақытша тоқтатылды.

Қазір субсидияланатын жұмыс орындары бұрынғы шарттармен ұйымдастырылып жатыр. Министрлік ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, үкіметтік емес ұйымдар және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп ережелерді қайта қарауда.

2026 жылға жоспар

Балаеваның айтуынша, 2026 жылы республика бойынша 102 мың адамды субсидияланатын жұмыс орындарына орналастыру жоспарланған. Оның 55 мыңы қоғамдық жұмыстарға бағытталады.

Электрондық еңбек биржасында 38,4 мың жұмыс берушіден 236 мың өтінім түскен. Еңбек мобильдігі орталықтары 75,6 мың жұмыс орнын мақұлдаған, оның 45%-ы ауылдық округтер мен кенттерде ашылады. 2026 жылғы 23 ақпандағы жағдай бойынша 35,1 мың адам субсидияланған жұмыс орындарына жолданған, оның 24,7 мыңы – ауыл тұрғындары.

Бұған дейін мәжілісмендер субсидияланатын жұмыс орындары, әсіресе ақылы қоғамдық жұмыстар, мыңдаған ауыл отбасы үшін соңғы әрі жалғыз табыс көзі екенін атап өткен. Олар жаңа шектеулер ауылдарда квотаның қысқаруына, нақты жұмыссыздықтың өсуіне, кедейлік пен көші-қонның күшеюіне әкелуі мүмкін екенін ескерткен еді.

TikTok
TikTok-та отырсыз ба? Онда бізге жазылыңыз.
Маңызды жаңалықтарды жедел алу үшін жазылыңыз.
Өту→